Алакөлде биылғы баға көтерілмейді - кәсіпкерлер

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алакөлдегі демалыс орындарының иелері биылғы маусымға дайындықтары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Туристердің қатары күн санап өсуде. Осыдан үш жыл бұрын жылына 205-300 адам келетін болса, өткен жылы бұл сан 700 мыңға жетті. Биыл 1 млн-ға дейін апарамыз. Алакөлдің емдік қасиеті бар екенін барлығыңыз білесіз. Қазақстанның барлық аймағынан халық демалуға әрі денсаулықтарын түзеуге келеді» - деді Алматы облысы Ақши ауылындағы демалыс орнының иесі.

«Демалыс орны иелері биыл бағаны көтермейміз» дейді. Бұрынғыдай бір адамға тәулігіне 5-12 мыңның шамасы болып қала береді.

«Бізде қарт адамдар үшін белгілейтін баға - бес мың теңге. Мұның ішіне 3 мезгіл тамағы, және басқа да қызметтер кіреді. Сондай-ақ туристерге арналған жаттығу залдары мен медициналық пункт жұмыс істейді. Жасы келген кісілердің шипажайда демалуға мүмкіндігі бола бермейтінін білеміз, сол үшін де оларды жайлы демалыс орнымен қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ отбасылық демалыс үшін бағасы 6,5 мыңнан басталатын коттедж үйлер мен пәтерлер бар. Әрине Түркиядағыдай «all inclusive» әдісі бізге келе қойған жоқ, дегенмен жылдан-жылға қызмет көрсету сапасын жақсартып келеміз»-деді ол.

Туристер үшін негізгі мәселе көл жағалауына дейінгі жолдың жайсыздығы болып отыр. Алакөл ауданы әкімдігі биыл бұл кемшіліктердің орынын толтыруды уәде етті.

«Алакөл жағалауына дейінгі жолдың жағдайы бізді де алаңдатып отыр. Өздеріңіз білетіндей, Талдықорған мен ШҚО Қалбатау кентінің арасындағы жолдың құрылысы басталып кетті. Үш жыл ішінде аяқталады деген жоспар бар. 184 шақырымға созылатын Үшарал-Достық жолын салу үшін бюджеттен 42 млрд 200 млн тенге бөлінді. Жаңа жолдың салынуымен қатар Талдықорған мен Үшаралдың арасын жалғайтын әуежайды, Алматы және Астана теміржолын қоса айтқанда туризм әлеуетіміз жанданып келеді»-деді Алакөл ауданы әкімі Әлібек Жақанбаев.

Демалыс орындары иелері 1 маусымда басталатын суға шомылу маусымын ашуға қызу дайындық үстінде. Көл аумағы тазаланып, ағаш отырғызу жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі таңда көл маңында 180 туристік нысан орналасқан. Жақын арада олардың санын 200 -ге жеткіземіз, деді әкімдіктегілер.

Арайлым Жолдасбай

Соңғы жаңалықтар