Алакөлде 3 мың шаршы метр демалыс орны өртеніп, 7 адам зардап шекті

None
None
АБАЙ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Абай облысы Үржар ауданында Алакөл жағасындағы демалыс базасында болған өрт 5 сағат бойы сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алакөл жағасындағы демалыс базасында алдын ала есептелгендей 3 мың шаршы метр аумақ өртенген. 4 демалыс орны бүлінді. Бір-біріне жалғап салынған ағаш үйлерге өрт жылдам тарады. Оның үстіне қатты жел де өртті сөндіруге кедергі келтірген. 5 сағат 40 минутқа созылған алапат өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаменті және полиция, жергілікті органдардан келген 186 адам мен 29 техника жұмылдырылды. Өрттен зардап шеккен 7 адам медициналық көмекке жүгінген. Алайда олар ауруханаға жатудан бас тартқан», - делінген Абай облысының ТЖД баспасөз қызметі хабарламасында.
Өрттің неден шыққаны анықталуда. Оқиға орнында оперативтік штаб жұмыс істеп жатыр. Айта кетсек, 4 шілде күні сағат 23:20-да Үржар ауданындағы Алакөл жағасындағы демалыс базасында өрт шыққан. Қатты желдің кесірінен қызыл жалын қас пен көздің арасында көрші базаны шарпып үлгерген.


Әлеуметтік желіде Алакөлдегі өрт түсірілген видеолар жарияланып жатыр. Желі қолданушылары демалыс орнындағы адамдардың қауіпсіз жерге шыққанын, кейбірі өртті сөндіруге атсалысып жатқанын айтады.


Видеодан алынған скрин


Соңғы жаңалықтар