Алакөл жағасында әткеншек үзіліп, балалар зардап шекті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Бүгін Шығыс Қазақстан облысында Алакөлдің жағасында үш бала зардап шекті. Балдырғандар әткеншекте тербеліп жатқан кезде оның шынжыры үзіліп кеткен. Олар жедел жәрдеммен Мақаншы ауылының ауруханасына жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Аltaynews.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқиға орнында түсірілген видеоны Альмира Дүйсекенова есімді демалушы Facebook парақшасында жүктеді.

Оның айтуынша, көл жағасындағы  балаларға арналған әткеншектің шынжыры үзіліп, 7 жастағы бүлдіршіндер жараланған.

«Су жағасындағы  дүниелердің су жаңа болғанын қайтейін, барлығы Қытайдың арзан материалдарынан жасалған. Ойын алаңқайын орнатқан адамдардың кәсіби біліктіліктеріне де күмәнім бар. Мемлекеттік тапсырысты кім орындаған? Балаларды жәдел жәрдем алып кетті, диагноздары әлі белгісіз. Бұл жерде 15 мыңнан артық адам демалып жатса да бірде-бір кезекші жедел жәрдем көлігі жоқ. 15 минуттан кейін келген дәрігерлердің көлігінде  зембілдері де болмай шықты. Жараланған баланы әкесі көтеріп апарып көлікке салды. Алакөлде демалғанда сақ болыңыздар», - дейді ол.

Ал Мақаншы ауылындағы ауданаралық аурухананың  бас дәрігері  Нағима Жақиянованың айтуынша, зардап шеккен екі бала. Олар толық тексеріліп шықты.

«Жаңа ғана жеткізілді. Рентгенге түсірдік, сүйектері дін аман. Балалардың стресстік соққы алғаны байқалады. Жерге құлаған кезде пайда болған сәл дене жарақаттары бар», - дейді бас дәрігер.

Оның сөзінше, жәдел жәрдем 15 минутта жеткен. Ал жағалауда 3 медициналық пункт жұмыс істейді.

«Медпункттер болмаса жедел жәрдем көлігі 100 шақырым жерден 15 минутта жете алмас еді. Алдымен қоңырау бізге түсті. Біз жағалаудағы дайын тұрған медқызметкерлерді жібердік. Балаларға шинаның да, зембілдің де қажеттілігі болмаған», - деді ол.

Көл жағалауындағы құрылысты жүргізген мердігер «ШҚО Үржар ауданы» мекемесі екендігі анықталды. Компания басшысының мәліметінше, аспалы әткеншектердің  құрылысы әлі толық аяқталмаған.

«Қауіпсіздік үшін әткеншектердің астына резеңке төсеніштер қойылу керек болатын. Ол жерде әткеншек тебуге болмайды, аспалы шеңберлер  тек қана отыруға арналған», - дейді «ШҚО Үржар ауданы» мекемесінің басшысы Ардақ Зарипов.

Иллюстрациялық фото

Соңғы жаңалықтар