Алакөл әуежайы шілдеде іске қосылып, күніне 500 жолаушы қабылдайды
2022 жылғы 19 маусым 22:52

Алакөл әуежайы шілдеде іске қосылып, күніне 500 жолаушы қабылдайды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысындағы Үшарал әуежайында ұшып-қону жолағы кеңейтіліп, қайта жаңғыртылып жатыр. Осыған байланысты облыс әкімі аталған нысанға барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұмыс аяқталғанда Үшаралға үлкен ұшақтар да еш кедергісіз қатынамақ.

«Жетісу» әуе компаниясының президенті Қалтай Дөңсебаевтың айтуынша, ұшақ қонатын жол толық жаңартылып болып қалды. Құрылыс компаниясы жұмысын алдағы шілде айының ортасында толық бітіреді деп жоспарланған.

Сонда күніне 8 рейс қатынап, 500-дей жолаушы қабылданатын болады.

Балқаш көліне апаратын жолдың құрылысы да назардан тыс қалмай, Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай және Лепсі – Балқаш көлі бағытындағы жолдар қаралды.

Балқашқа дейінгі жол қазір 3-санаттан 2-ші санатқа ауыстырылып, толық жаңғыртудан өткізіліп жатыр. 35 шақырымында жұмыс аяқталған.

Жол бойында бірнеше жерде аялдама кешені, эстакада, заманға сай әжетхана қойылады.

Аталған жол құрылысы жобасы кезең-кезеңімен қаржы бөлінуіне қарай жалғасады.

Жол сапасына оң баға берген облыс әкімі Бейбіт Исабаев:

«Алакөлдегі демалыс аймақтарына инфрақұрылым тарту, жол жөндеу жұмысымен таныстым. Жол жөнделіп біткеннен кейін Балқаш пен Алакөлге келетін туристердің қатары өседі. Үшарал әуежайы іске қосылса, қатынайтын ұшақ көбейеді. Бұл халықтың тұрмыс жағдайына, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына оң әсер етеді», - деді Б.Исабаев.

Осы сапар аясында облыс басшысы Лепсі ауылдық округінде, тау баурайында өтіп жатқан етті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға арналған «Lepsi-2022» халықаралық көрмесіне барды.

Онда асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар төрт түліктерін көрмеге әкеліп, көпшіліктің қызығушылығын туғызды.

Жиын барысында облыс әкімінің Құрмет грамотасы бірқатар серіктестіктердің механизаторларына, шопаны мен бригадиріне табысталды.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT