Алакөл Анталия бола ала ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2017 жылдың 12 сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің болашағы үшін айтарлықтай орны бар, бүгінгі ұрпақтың ертеңі үшін ерекше бағдарламаларды қамтыған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланған болатын. Осы ел бағдарын айқындайтын бағдарламаның концептуалды маңызы ескеріліп, маусым айының соңында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» акционерлік қоғамы құрылды. Енді бағдарламада айтылған ойлар мен тұжырымдарды ғылыми тұрғыда негіздеп, өмірде жүзеге асыру үшін нақты қолға алынарына сенім мол.

Тұңғыш Президентіміздің жазбасындағы «Прагматизм» бөлімінде мынадай көкейкесті мәселе көтерілген. «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пейінше, біздің толыққанды жаңғы­руымыз мүмкін емес. Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады. Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді».

Осы тұрғыда тек демалыс орны ғана емес, жанға - шипа, дертке – дауа қасиетті Алакөл туралы әңгіме етпекпіз. Кейінгі 15-20 жылда Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының бюджетінен 50 миллиард теңге Алакөлдің инфрақұрылымын дамытуға құйылды. Әрине, мұндай қаржыға Елбасымыз Н. Назарбаев айтқандай, Алакөлде тоқсан күн емес, алты ай ел демалатын пансионаттар салуға болар еді.

Бұл тұста атап өтерлігі - Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаев Алакөлдің Шығыс Қазақстан облысы жағында алғаш рет 2005 жылдың 5-6 тамызы күні болған. Сол уақытта Алакөлде бес жұлдызды «Президент отель» ашылған болатын. Ауа райы қырық градусқа дейін ысып, көл суы сүттей ұйып, желсіз мамыржай жатты. Су бетіне шоршып шыққан шабақтарды реликті шағалалар қағып әкетіп, табиғаттың керемет тепе-теңдік суреті Елбасының көз алдына аңыздағы суреттей ерекше әсер бергені сөзсіз...

Алакөлді қастерлеп, ел тұрғындарына құтты демалыс орнын жасау туралы туралы Тұңғыш Президентіміздің алғашқы тапсырмасы сол он бес жыл бұрын айтылған. Ал 2018 жылы Алакөлдің Алматы облысы жағындағы демалыс орындарын аралап көргеннен кейін Қазақстанның туризм саласын одан әрі дамыту үшін орталық мемлекеттік және жергілікті ақтарушы органдарға бірқатар тапсырма берді:

– Алакөл Қазақстан бойынша ең көп демалушы баратын жерге айналуы керек. Ол ыңғайлы жерде орналасуымен ерекшеленіп, барлық өңірдің тұрғындары үшін қолжетімді болып отыр. Көлдің бірегейлігі суының емдік қасиетіне байланысты. Оның құрамында радон, сілті және басқа да пайдалы элементтер бар. Осыған байланысты Алакөл еліміздің туризм саласы үшін өте маңызды, – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Алакөлге қатысты Совет заманында да арнайы жоба жасалған. Әрі Алакөлден он сегіз шақырым жердегі Барлық-Арасан курортында отыз жыл бұрын жазда екі-үш мың, ал қыста жеті жүздей адам ем алатын. 4-5 қабатты бірнеше емдеу-сауықтыру орны және шипажайлар салынған болатын. Санаторий жыл он екі ай тоқтамай қызмет жасайтын. Мұндай жағдай қайтып оралса, Алакөл Анталияны басып озары анық. Ол үшін әрине, ендігі уақытта Алакөлге кураторлық тізгінді аудандық басқару арқылы облыстық дәрежедегі бақылау емес, халықаралық стандартқа көшіру керек. Облыс әкімдерінің жеке бақылауы айтарлықтай нәтиже бермейтіні кейінгі кезде анық байқалды. Жалпы, Алакөлді абаттандыру мен көл жағдайын реттестіруді жеке мекемеге жүктемесе, екі облыс басшыларының жаз маусымындағы әрекеті Алакөлді Анаталияға жақындата қоймас.

Жалпы Түркия, Египет, Қытай және Еуропа елдеріне демалысқа барғанда суға түсіп, күнге қыздырынып, құмға аунап жата бермейсіз. Он күн демалыстың бір-екі күні сол ел мен жердің мәдениеті мен тарихи орындарын аралауға кетеді. Қазақ жері де сан ғасырлық тарихқа толы. Алакөл айналасы да ежелгі ескі заман мен кешегі коммунистік қоғам кезеңдерінде өткен қызықты дүниелерімен бөлісе алады.

Өз басым Алакөлдің жағасында туып-өстім. Оқушы кезімнен көл туралы мақалаларым республикалық басылымдарда жарияланды. Алакөлдің жағалауындағы ауылым туралы студент кезімде «Иелі жер киелі» кітабын да жаздым. Телехабар, деректі фильм жасадым. Сол туындыларымда Алакөл экологиясы мен туған жердің байлығын ел ырысына айналдыру туралы да жергілікті көз көрген абыз ақсақалдардың естеліктерін ұмытқан емеспін.

Осыдан отыз жыл бұрын шыққан кітаптың Алакөлге қатысты жерінен үзінді:

«...Төрткүл дүниенің төрт түкпірін түгел шарлаған Асан қайғы Жарбұлақ өлкесіне аяқ тірегенде тотияйындай толқыған Алакөлге, кербез тауға, кең далаға көзі тұнып «Тоқта!» деген екен.

Шежірелі Асан атамыздан қалған белгіде осылай дейді!

Содан бері ауылымыздың теріскейіндегі еңселі де елікті құздарды Тоқта тауы деп атайды. Атының тізгінін тартып айналасына көз салған кемеңгер:

-Жер-ақ екен шіркін, бірақ «ұрыс» иісі шығып тұр екен,-деп мұңайыпты.

Күншығыстан талай ғасыр, ақтарыла төгілген талай жау әйгілі Жоңғар қақпасынан шыға шапқан ғой. Олар да найза ұшын алдымен Тоқтаның бауырындағы Лаңкөлге тіреген екен.

Иә, атынан заты мәлім көлдің қәзір орны қазан шұңқыр. Бір кезде көздің жасындай мөлдіреп тұрған әсем көлдің жоғалып кеткенін көнекөз қариялар жыр ғып айтады.

Тегінде, мекеніміздің жай-күйін сездіретін «Жарбұлақтың жұты да - Ебі, құты да - Ебі»,-деген мәтел бар.

Жоңғар қақпасынан басталатын атышулы Ебі желінің киелі қасиетін Асан ата ұрпағына ұлағат-үлгі ретінде тастап кетуі де мүмкін.

Азынап соғар Ебінің аузын байламақ болған Шың әміршісінің жетесіз қылығы табиғат шіркіннің қуаты мен құдіретінің белгісі сияқты күні бүгінге дейін ел аузында әңгімеге алтын арқау.

Қазақ халқын ығыстырып, уақытша Жарбұлақ өңірін жаулап алған Шың әміршісі аңырап соққан Ебінің бетін буып, құлыптас салмақ пиғылда жарлық шығарып, жанталасады. Қол астындағы бүкіл күшін қаптатып, ай-күн демей алып үңгірді таспен толтырады. Күндердің күнінде бұйрық орындалып, қаны тасыған қаһарлы хан Тоқта тауының түбінде ғаламат той жасайды. Ырду-дырду, ұлы дүрмек шегіне жетіп қызған сәтте Табиғат Шың әміршісінің бейбастақтығын көтере алмай, қағанағынан қақ жарылады. Қазанында қайнаған Ебі желі бұлқынып ауаға шыққанда өздері тасыған тас, өздеріне оқ болып атылады-ай келіп, ақыры, қой тастар тойға жаиналған қоңтайшылар мен әскерін күллі мал-мүлкімен Лаңкөлге төңкеріп тастаған.

Көп ұзамай Лаңкөл суы құрғап, қазан шұңқырға айналады...»

Жазира жеріме қарасам, көне заманнан бері небір қанды оқиғаның дауылдатып өтіп кеткенін еске түсіреді.

Уақыт шіркін аршындай басып, ауыса бергенімен, сайын далам сары бел Тоқта тауы қаз-қалпында қайқайып тұр. Айтып-айтпай не керек, ұзақ жылдар табиғатты табындырмақ болған Асан баба сүйсінген сулы, нулы өңірді коммунистік партия тұсында қой басын елу миллионға жеткіземіз ұраны кезінде Алакөл айналасында миллионға тарта қой бағылып, тақырлаумен тынды. Біз бүгін өткендегі өкінішіміз бен табиғатқа қолдан жасалған жауыздықтың сырын ашып, сипатына үңіліп, сарабдал ойдың тезіне салмақпыз. Ендігі мүдде - өз жерімізге өзіміз еге болған кезде қолда бар асылдан айрылып қалмау ғой. Жер-ананың күтімсіздіктен құнарынан айрыла бастауы - бүкіл елдің көкірегіндегі дерт.

Бүгінде еліміз бай. Қаржылы азаматтар да аз емес. Жыл сайын Алакөлге миллардтар құйылып жатыр. Бәрі Нұр-Сұлтаннан түскен тікелей тапсырманы орындау деген ұранмен жүруде. Әр әкім аянбай-ақ жатыр. Ал қазір Алакөлге жергілікті атқарушы билік жауапты. Олар бюджетті бөліп, жоспарларын қатыруда. Қанша қаржы жұмсалып, тиісінше қаншама жұмыс атқарылғанын қадағалайтын органдар жоқ. Фискальды мекемелер келер жылы арнайы келіп, қадағалап тексере де алмайды. Өйткені кешегі салған асфальт жол күз бен көктемнің лайсаңында құрлыс жүргізушілердің отыз тонналық көліктерінің астында жермен-жексен болуда. Төселген құйма тастар сапасыз болғандықтан тұзды судан езілуде. Қалған жетпей жатқан дүниелерді көктемдегі су тасқыны Алакөлдің түбіне алып кетті деп жайбырақат отыра беруге болады. Қалай болғанда да, Алакөлде Үкімет қаржысына қызмет қылуға ешкім жауапты бола алмайды. Базбір бар нәрсе нақты әкімнің қызметі кезіне жарап шыдаса деген мақсатпен жасалып жатқандай.

Сондықтан да, Алакөлді абаттандыру мәселесі жыл сайын көкейкесті проблема ретінде күн тәртібінде қалып отыр. Екінші президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысына сапары кезінде былай деген еді:

«Былтыр көптеген қазақстандықтар Алакөлде демалуды жөн көрген болатын. Алайда сервистік жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілмеуі қолбайлау болды. Атап айтқанда, автожолдардың сапасы қынжылтады. Осыған орай Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының әкімдеріне қойылар талап: қысқа мерзімде жолдарды жөндеп, сервистің деңгейін көтеру қажет».

Әдеттегідей, кезекті тапсырма. Жергілікті билік үшін бюджеттен қомақты қаржыны бөлуге рұқсат алу жолы. Тағы да бірқатар істер атқарылып, БАҚ-та жан-жақты жарнамаланады.

Елордадағы супермаркеттерде зейнетке шыққан бұрынғы әкімдерді жолықтырып қаламыз. «Ел жаққа келмейтін болыпсыз» дейміз, не дер екен деп. «Мына немере – шөберелер Анталья, Дубай, Испания болмаса Еуропа деген соң сол жақта демаламыз» дейді ақталып.

Әрине, ұзақ жылдар жасаған ісінің ізі де қалмағанын осылай ұрпақтарының еркелігіне жауып, әдеттегідей сыныққа сылтау жауап екенін білеміз.

Табиғат пен туған жер алдындағы парыз - парасаттылық белгісі. Жауапкершіліктен қашып, биліктегі бір күндік нәтижесіз істің түбі тұңғиық болса да, шексіз болмас, бәлкім деген үмітімізді үзбеудеміз.

Бұл орайда Алакөлді АҚШ пен Европадан мысал іздемей-ақ, түбі бір түрік ағайындардың тәсілімен қалай көркейту керектігін бәріміз білеміз.

«Алакөлде демалушыларға арналған қызмет түзеле бастаған кез 2000 жылдан бері қарай десек болады», - деп түйіндепті «Егемен Қазақстан» газетінің жур­налисі Думан Анаш Алакөл туралы жазған талда­у мақаласында. Әлемдік туризм бәсекелестігінде бұл аз уақыт емес. Түркиядағы Анталия да, Әмірліктегі Дубай мен Әбу-Даби де сол 2000 жылдардан бері ғана қарқынды дами бастады. Сол себептен сөз емес, нақты орындалуға міндетті шаралар аз емес. Туризмді дамыту үшін құрылған ұлттық компания жанынан Алакөлге жауапкершілікті қолға алу керек. Жергілікті билік секілді Алакөлге екі ай маусымдық іс-шара деп қараудан арылар уақыт жетті. Жыл он екі ай Алакөлді абаттандыру мәселесін сол компания өз міндеті санауы парыз. Алакөл орналасқан екі облыс қаржыландырып, жасаған дүниелерін қабылдап алуды да заңдастырып, құжатпен бекітетін кез келді. Өркениетті елдердегідей елге ортақ ақшаға жасалған зат бір-екі маусымдық қана болмауы тиіс деп ойлаймын.

Елімізге танымал журналист, қоғамдағы кемшіліктерді батырып айтатын және ол ескертпелері көбіне билік тарапына жететін Арман Шораев Алакөлдегі демалысынан кейін былайша ашына жазған еді:

«Алакөлдің сән-салтанатты қонақ үйлеріне қош келдіңіздер! Осынау бірегей көлдің жағалауына мынадай лашықтарды салуға рұқсат беретін әкімдіктердің топастығына таң қаламын! Бурабайдың да дәл осылай сиқын кетірді. Ендігі кезекте Алакөл тұр ма? Өз туған жеріңе танытқан қандай немқұрайлық?!

Туристік саланы жүргізудің бұрыннан жазылған заңы бар. Бұл заңмен сол Түркия мен Испания да жұмыс жасайды. Кез келген жағалауға құрылыс жүргізу үшін билік тарапынан алдымен оның бас жоспарын жасайды. Онда жағалау маңындағы жерді отбасылық демалысқа арналған қонақ үй орны, одан әрі пансионат, одан соң санаторий, скаут лагері, содан кейін қоғамдық жағажайға деп жер телімін бөледі. Әр туризм объектісінің қанша адам қабылдай алатынын анықтап, жердің әр метріне антропогендік қысымды өлшейді.

Содан кейін мемлекет сол жерге қажетті коммуникацияны - су, кәріз, электр, жылу жүйесін тартуы тиіс. Сонда ғана сол жер туралы әлемге тендер жариялауға болады. Бодрум, Анталья, Кемер және Пхукетті дәл солай салған. Бізге осылай әрекет жасауға кедергі? Фанерадан торғайдың ұясын салу үшін алты сотық жерді таратуда қандай мақсат бар? Енді 20 жылдан соң осы қарқынмен біз өзіміздің жақұт жерімізді лас шалшыққа айналдырамыз», - деп күйінішін жасыра алмай, ағынан жарылыпты.

Жақын күндері Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің жауапты қызметкерлері алдағы үш-төрт жылға бюджеттен қосымша 30 миллиард теңге қаржы бөлініп, Алакөлді жоспарлы түрде абаттандыру қолға алынатынын мәлімдеді. Жақсы хабар. Бастысы Алакөлдегі демалыс орындары мен кафе-ресторандарға орталықтандырылған кәріз бен су құбыры тартылуы міндет. Әйтпесе қазір сол мекенжайлардың қалдықтары қайда ағып, құйылып жатқанын дөп басып айту қиын. Алакөлді қаншалықты мадақтап, өзін-өзі тазартып отыратын қасиетті сулы көл дегенмен, қиямет бір күнде келеді. Кешегі Арыстағы жарылыстай, Алакөліміз де көп қыспаққа десі жетпей жарақаты ашылып, бірер жылға санитарлық нашар жағдаймен жабылып қалмасын. Бөлінетін 30 миллиард теңге бұрынғы қаржыдай суға ағып, құмға сіңбесін. Және ескертер жәйт, осы қаржыға Алакөлге 2-3 шақырым жақын орналасқан елді мекендерге де орталықтандырылған кәріз бен су құбырын тартқан жөн.

Кезінде ғалымдар Алакөл мен Барлық-Арасын аралығындағы 20 шақырым қашықтықтың жер асты су байланысып жатқанын зерттеп білген. Алакөлдің жанға - шипа, дертке – дауа қасиетті негізінен Барлық тауының басынан шығатын минералды су негізінде жасақталып отыруы да мүмкін. Әрі Алакөлге келушілерге қызмет етушілердің 90-95 проценті - сол Алкөлге жақын орналасқан ауылдың тұрғындары. Олар да қалалықтарға жақсы қызмет жасауға дағдылануы үшін өздері де сондай ортада тұрмыс-тіршілікке үйренуі керек екені бесенеден белгілі.

Қорыта айтарымыз, Жер-ананы дәл бүгін, дәл қәзір аялай алмасақ, күні ертең өзіміз дәм-тұзға зар боларымыз хақ.

Соңғы жаңалықтар