«Аладдин» фильмінің кейіпкерлері қазақ тілінде сөйледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 23 мамырдан бастап Қазақстандық кинотеатрларда WaltDisney-дің «Аладдин» фильмі қазақ тілінде көрсетіледі. Дубляж «Болашақ» корпоративтік қорының бастамасы бойынша «Өзіңнен баста» жобасы аясында жүзеге асырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Режиссер Гай Риччидің «Аладдин» отбасылық мюзиклі - жоба аясында голливудтық туындыларды қазақ тілінде дубляждалған 29-шы фильмі ретінде саналады.

Фильмның сюжеті бойынша, Аладдин атты жас ұры Жасмин ханшайымға үйлену үшін ханзада болғысы келеді. Ал, Аграба уәзірі Джафар қаланы басып алғысы келіп, ғажайыптар үңгірінде сақтаулы тұрған сиқырлы шамды алуға тырысып бағуда. Ол үңгірге жүрегі таза, «қырланбаған алмаз» деп аталатын адам ғана кіре алады және бұндай адам - дәл осы Аладдиннің өзі.

Бәрімізге белгілі, «Аладдин» мультфильмі 1992 жылы «Үздік ән» және «Үздік бірегей саундтрек» номинацияларында екі «Оскар» жүлдесіне ие болған.

Фильмнің дубляждалуына Нұр-Сұлтан мен Алматының 50-ден астам актерлері кастингке қатысқан. Әйгілі актер Дәурен Сергазин - жынды, ал әнші және актер Нұрлан Әлімжанов - Джафарды дауыстады. Фильмнің дубляждалуына 10-нан астам кәсіби актер жұмыс істеді.

«Жынды дыбыстау маған бұйырды(ағылшын тілінде Жынның дауысын Уилл Смитт дыбыстаған). Бұл өте қиын образ, себебі Жын мың құбылмалы кейіпкер. Әлемге атақты фильмдердің қазақ тілінде үлкен экрандарда көрсетілуі бізді қуантады», - деді актер Дәурен Сергазин.

Сондай-ақ, «Уолт Дисней» студиясының қазақша дубляждалған «Аладдин» фильмінің қайырымдылық көрсетілімінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бәйбек қатысты.

«Дубляж бойынша алғашқы жоба кезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев батасын берген. Бүгінгі күні «Өзіңнен баста» әлеуметтік жобасы көрермендердің де, ел бизнесінің де жүрегінен айшықты орын алды. Атақты туындылар ана тілімізде дыбысталуы мемлекеттік тілдің әлемге танылуына, дамуына жеткізеді», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Бәйбек.

«Аладдин» 23 мамырдан бастап Қазақстандық кинотеатрларда көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар