Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Алматыда ғылыми орталық ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Ұлттық кітапханың «Қазақстан кітаптары» оқу залында көрнекті ғалым, ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған әл-Фараби ғылыми орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға белгілі ғалымдар, жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, шет елдердің Бас консулдықтарының өкілдері, ЖОО студенттері, кітапхана оқырмандары және БАҚ өкілдері қатысты.


Әл-Фараби ғылыми орталығының мақсаты – Шығыстың ұлы ұстазы, философ, ерте ортағасырлық энциклопедист-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани және ғылыми мұрасын ұлықтау, көпшілікке тарату.


Ғылыми орталық кітапхана қорынан әл–Фараби шығармаларынан және ол туралы материалдардан ашық қолжетімді көрме ұсынады. Онда әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар, философтың еңбектері және оның әлем халықтарының түрлі тілдеріне аударылған дүниелері, белгілі отандық және шетелдік ғалымдардың, философтардың, тарихшылардың зерттеулері, электрондық басылымдар, мерзімді басылымдардан алынған құжаттардың дерек қоры, еңбектерінің жинағы бар. Орталық қоры үнемі жаңа басылымдармен және материалдармен толықтырылатын болады.

«ҚР Ұлттық кітапханасындағы әл-Фараби ғылыми орталығы ойшылдың ғылыми еңбектерінің мұрасын терең зерделеуге және көпшілік іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, орталықта белгілі фарабитанушы ғалымдармен, академиктермен кездесулер ұйымдастыру, тақырыптық конкурстар, экскурсиялар өткізу, әл-Фараби туралы фильмдер көрсету және т.б. іс-шаралар өткізуге жағдай жасалады», – дейді Ұлттық кітпахана директоры Бақытжамал Оспанова.

Шара барысында қатысушылар әл-Фараби еңбектеріне кеңінен тоқталып, оның өміршендігін тілге тиек етті.

«Әл-Фараби Аристотельден кейінгі дүние жүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан, энциклопедист ғалым, астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғаттану, социология, лингвистика, поэзия, риторика, философия ғылымдарын меңгеріп, 200-ге жуық трактаттар жазған. Әл – Фарабиді әлі де зерттеу қажет. Ол құпияға толы тұлға», – деді Әбсаттар Дербісәлі.

Қазақстан әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеуді ресми түрде 29 қаңтар күні бастады.


Соңғы жаңалықтар