Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері корей елінің профессорларынан онлайн дәріс алады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінде корей қорының қолдауымен «Global Classroom» ашылды.

Аталған жобаны жүзеге асыру үшін корейлік «Кунмин банк» пен корей қоры 19 мың доллар АҚШ доллары көлемінде грант бөлген. «Global Class» - онлайн бейнедәрістер, бейнеконференциялар мен семинарлар өткізу үшін арнайы жабдықталған аудитория. Онлайн оқып, білім алу қазіргі білім саласындағы заманауи қажеттілік болып отыр. Бұл студенттер арасындағы өзара білім алмасуды жақсартады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ корейтану және жапонтану кафедрасы 2013 жылдан бері Ханян университетімен бірігіп корей қорының қаржылай қолдауымен «Global e-School» онлайн оқыту жобасын жүзеге асырып келеді. Бүгін жобаның ашылу салтанаты өтті», - деді оқу орнының шығыстану факультетінің аға оқытушысы Рената Құдайбергенова. Оның айтуынша, 2013 жылдың наурыз айынан бастап осы уақыт аралығында Ханян университеті, шетелдік зерттеулер университеті (HUFS), Йонсей университеті сияқты Кореяның жетекші университеттерінің профессорлары кәріс және ағылшын тілдерінде «Business Korean», «Korean Art and Philosophy» «Korean Language and Korean Culture» «K-culture: Modern Korean Cultural Contents», «Korea Economic Development» курстарын оқыды. Шығыстану және халықаралық қатынастар факультетінің 40-қа жуық студенті аталған курс шеңберінде оқудан өтіп, сертификаттар иеленді. Салтанатты шараға Қазақстандағы Корея Республикасының Бас консулы Сон Чхи Кын, корей қоры мен Ханян университетінің өкілдері, «Sаmsung» және «LG Electronics» компанияларының басшылары, сондай-ақ университет ұстаздары мен студенттер қатысты.

Соңғы жаңалықтар