Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Smart City» бойынша қосдипломды мамандар даярлайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Smart City» мамандарды даярлаудың қосдипломды инновациялық бағдарламасын ашады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жетекші қазақстандық университет «Smart City» жоғары оқу орындарының халықаралық консорциумының мүшесі бола отырып, Еуропалық одақтың жоғары оқу орындарымен бірлесе «ERASMUS+» жобасы бойынша «Ақылды қалаға арналған ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша магистрлік бағдарламаны әзірлеуге кірісті.

Бағдарламаға біріктірілген оқу-әдістемелік кешен, дайындық сапасын басқару жүйесі, оқытушылардың біліктілігін арттыру, «Smart University» моделінің еуропалық серіктес жоғары оқу орындарының тұсаукесерін өткізу, сондай-ақ академиялық ұтқырлық бойынша Еуропаның үздік университеттерінде оқыту кіреді. Жоба аясында ҚазҰУ-да ақылды қалалар технологияларының ғылыми-білім беру орталығы ашылады.

Айта кетейік, бүгінде ҚазҰУ-да ұлы философ әл-Фарабидің рухани-адамгершілік және технологиялық платформалардың қайырымды қоғам және симбиоз туралы іліміне негізделген «Al-Farabi University Smart City» ғылыми-инновациялық жобасы табысты жүзеге асырылуда. Жоба «Университет 4.0» жаңа буын университетінің моделін қалыптастырудың құрамдас бөлігі болып табылады. Мұндай университеттер прогрессивті технологиялық дамудың, сондай-ақ адамзаттың әлеуметтік және мәдени өзгерістерінің драйверлері. Бұл моделге халықаралық деңгейде кең академиялық қоғам қолдау көрсетіп, БҰҰ-да ұсынылды.

Атап өткен жөн, ҚазҰУ 30-дан астам қолданыстағы «Erasmus+ халықаралық бағдарламасына қатысады, бірнеше рет «Erasmus Mundus» жобаларының ұлттық үйлестірушісі болды және жүзеге асырылып жатқан жобалар саны бойынша қазақстандық университеттер арасында көшбасшылыққа ие.

Соңғы жаңалықтар