Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Италияның мемлекеттік орденімен марапатталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Италия Республикасының Президенті Серджо Маттарелланың жарлығымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мұтанов «Ordine al merito della Repubblica Italiana» орденімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

Алматыда Италия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Паскуале Д'Авино аталмыш ел президенті атынан ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтановқа ең жоғары мемлекеттік награда - «Италия Республикасына сіңірген зор еңбегі үшін» орденін табыс етті. 

Орден 1951 жылы тағайындалған және Италия алдындағы маңызды еңбегі үшін премьер-министрмен келісе отырып ел президенті тарапынан ұйғарылады. Университеттің Ғылыми кеңесінде орденді табыстаған Елші Паскуале Д'Авино ҚазҰУ ректорын халықаралық қоғамдастықтағы көрнекті ғалым, жоғары мектеп жасампазы және ұйымдастырушысы деп атады. Оның басшылығымен Қазақстанның жетекші университеті әлемде жоғары беделге ие болғанын және бірнеше ірі ғылыми-білім беру жобалары жүзеге асқанын атап өтті. 

«Академик Ғалым Мұтановтың Қазақстан мен Италия арасындағы ғылым және білім салаларындағы әріптестігін дамытуға, сондай-ақ екі елдің достық қарым-қатынастарын нығайтуға қосқан зор үлесі жоғары мемлекеттік марапатпен бағаланды. Бүгін осы орденді табыстау мен үшін қуаныш», - деп атап өтті Елші.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Италияның жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Университетте Романдық зерттеулер орталығы құрылып, сәтті жұмыс атқаруда, ал Ка Фоскари университетінде әл-Фараби орталығы ашылып, халықаралық білім беру бағдарламалары аясында академиялық алмасу және мамандарды дайындау белсенді жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар