Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Қайырымды қоғам» челленджін бастады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері «Қайырымды қоғам» челленджін бастап, үлкен флеш-моб өткізді. Челлендж мақсаты - әл-Фараби айтқандай, қоғамды қайырымды ету, деп хабарлайды ҚазАқпарат ЖОО-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«1150 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде бүкіл әлем тойлап жатқан ұлы ойшыл әл-Фарабидің университет кампусындағы ескерткішінің алдына әр факультеттен 5 мыңнан астам студент жиналды. Бұл теңдесі жоқ жоба ғұлама әл-Фарабидің адамзат үшін ең басты деп саналған құндылықтары: мейірімділік, парасаттылық, адалдық және әділдік туралы еске салу үшін елдегі игі істер эстафетасын басты. Челленджге кез келген адам қатыса алады. Ол үшін әлеуметтік желілерде қайырымды іс-әрекеттер, қайырымды және ізгі істер туралы пост, фотосуреттер немесе видеоролик жариялау жеткілікті. Челлендждің ұйымдастырушылары эстафетаны жалғастыруды және оны #AlFarabiQQ хэштегімен сүйемелдеуді ұсынады», - деді ЖОО-дан.

«Ұлы әл-Фараби «Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдында игілікті мақсат қоя білуінде... адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында», - деген болатын. Әрбір адамның жақсылық жасауға, өзін және айналасындағыларды бақытты етуге бар күш-жігері жетеді. Егер біз әрқайсымыз өз-өзімізді жетілдіруге және жақсы іс-әрекеттер жасауға ұмтылсақ, баршамыз бірге Қазақстанды қуатты ұлт пен жауапты адамдардан тұратын - табысты, қайырымды елге айналдырамыз», - дейді флеш-мобқа қатысқан екінші курс студенті Хасан Нұрсат.

Жоба жастар арасында волонтерлік қозғалысты дамытуға, әлеуметтік ынтымақтастықты нығайтуға және тек жаһандық қана емес, сонымен қатар жергілікті қоғамдастық мәселелерін де шешу бойынша бастамашылық топтарды ұйымдастыруға, нақты адамдарға көмек көрсетуге бағытталған. ҚазҰУ студенттері челленджді іске асыруға кірісіп те кетті, қайырымды істер атқара отырып олар эстафетаны еліміздегі, алыс және жақын шетелдердегі түрлі ЖОО-ларға жолдайды.

Бастаушы топтың пайымдауынша, бұл челленджге қатысу медиакеңістікті оң мазмұнмен толықтырады және бір-біріне мейірімділік пен жанашырлық таныта отырып, қиын қыстау жағдайға тап болған адамдардың өміріне бей-жай қарамай, бір-біріне көмектесу арқылы, нақты іс-әрекеттер жасаудың маңызды екенін еске салуға мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар