Ақжелкектің адам денсаулығына пайдасы қандай – маман пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ел ішінде емге дәру екені жиі айтылып жүрген ақжелкектің (хрен) адам денсаулығына пайдасы қандай? Бұл сұраққа «Antikor Live» жобасында берген сұхбатында Қазақ тағамтану академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шарманов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақжелкек болсын, сарымсақ болсын – адам денсаулығына пайдасы зор екен деген әңгіме жиі айтылып жүр ғой. Алайда әрбір ауру бойынша кез келген дәрі шөп немесе дәрі болсын 100 пайыз пайда береді деген әңгіме жоқ. Статистика бойынша ең асып кеткенде – 95-96 пайыз. Ар жағында 4-5 пайыз қалып қояды бәрібір. Ал сол 4-5 пайыздық емді беретін дәрілер мен шипа – халық емшілігі. Сол секілді 100 адамның ішінде 4-5 адамның ағзасына ол жақсы әсер етуі мүмкін. Пайдасы тиетін адамдар бар», - дейді Төрегелді Шарманов.

Оның айтуынша ел ішінде ауыздан-ауызға тараған әңгімеден кейін көкөністің кейбір түріне сұраныс сұрапыл болып кетеді.

«Кейде емдеудің 90 пайыздық тиімділігі далада қалады да, көршінің пайдаланған емі сізге де ем болып қонуы мүмкін. Бұл жерде адамның көңіл-күйіне де көп нәрсе байланысты. Палатаға кіріп келетін дәрігердің бет-жүзі, көзқарасына қарап науқастың ауруы жеңілдеп кетуі ықтимал. Ол – психология. Сондықтан адамның алдымен емделіп кететіні бойынша сенімі болуы керек. Дәрі бәрібір 100 пайыз жазылып кететініңізге жауап бермейді», - деді ол.

Еске сала кетсек бұған дейін Төрегелді Шарманов індет өршіген қазіргі жағдайда қандай тағам мен сусын түрлері пайдалы екенін айтып берген болатын. Оның айтуынша қазіргі індет өршіген жағдайда әр адам үйдегі жас үлкен кісілердің жайын ойлауы керек.



Соңғы жаңалықтар