Ақжайықта жаңа үйлер беріліп, автокөлік кілті тапсырылды - БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік күніне орай Ақжайық ауданының әкімі Нариман Төреғалиев Чапаев ауылында салтанатты жағдайда бес отбасыға пәтер кілттерін табыс етті.

Аудан басшысы мердігер ұйым - оралдық «Бакс» ЖШС ұжымына істі мезгілінде және сапалы атқарғандары үшін алғысын білдірді.

Әрқайсысының аумағы 89 шаршы метр, үш бөлмелі баспаналар қаладағыдан еш кем емес, газ плитасын, ыстық сумен де қамтитын жылу қазандығын қосып көрген қоныстанушылардың арқа-жарқа көңіл-хошын жаңа үйге кіргендердің бірі, Ауған соғысының ардагері Бекежан Темірболатов бір сөзбен, «осыдан артық қандай сыйлық керек!» деп түйіндеді.

Осы күні жұртшылық тағы бір ерекше қуаныштың куәсі болды. Аудан әкімі Нариман Төреғалиев аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлеріне жергілікті бюджет қаржысына алынған «УАЗ» автокөлігінің кілтін тапсырды. Айта кетейік, аудан биыл қызметтік 8 көлікке ие болды, оның төртеуі ауылдық округ әкімі аппараттарына берілді. Сондай-ақ медицина мекемелеріне 6 «жедел жәрдем» бөлінді, Тайпақ ауруханасына бір реанимобиль көлігі алынды.

Еліміздің барлық жеріндегідей, бұл жылдың үлкен ауданға мұндай жақсылықтары аз емес. Мысалы, «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 57 адам 133,0 млн. теңгеге қол жеткізіп, олардың 44-і мал шаруашылығын, 13-і түрлі салаларда халыққа қызмет өрісін кеңейтуде. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 14 шаруа қожалығы 162,8 млн. теңге несие алып, 21 бас асыл тұқымды аталық пен 489 бас аналық мал сатып алды. Сол секілді облыстық бюджеттен 46,8 млн. теңге бөлініп, Көнеккеткен, Қамыстыкөл, Кеңсуат, Әтібек ауылдарындағы әлеуметтік нысандарға газ құбыры жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар