«Ақжайық»: В.Эрбес өзінің туған күнін жеңіс добымен атап өтті

None
None
ОРАЛ. 16 сәуір. ҚазАқпарат - 15 сәуір күні футболдан Қазақстан чемпионаты премьер-лигасының алтыншы турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдап, 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Бұл ойынға келген халықтың көптігі сондай, «Ақжайық» футбол клубының стадионына сыймай кетті. Алма-кезек шабуылмен өрбіген матч барысында алаң иелерінің сәл-пәл басымдылығы байқалып тұрды.

Екінші таймда алаңға шыққан жартылай қорғаушы, Қазақстан құрамасы сапында доп теуіп үлгерген Шығыс Қазақстан футболының түлегі Вячеслав Эрбес тура бір күн бұрын 24 жасқа толған болатын. Ол бапкерлер сенімін толық ақтай білді. 71-минутта айып добын орындау сәтінде В.Эрбес ұшқырлық танытып, баспен қонақтар қақпасының ұрымтал тұсын дәл көздеді. Ақтөбеліктер бұған жауап қайтаруға барын салғанымен, ештеңе шығара алмады. Керісінше өткен турда жарақаттанып қалған Самат Смақовтан капитандық тізгінді қабылдаған ең сақа да тәжірибелі ойыншы Петр Бадло ойын соңына таман екінші ескерту алып, алаңнан қуылды. «Қырсық қырық ағайынды» деген осы болса керек.

Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында «Ақтөбенің» бас бапкері Владимир Муханов: «Биылғы біріншілікте онысыз да жоқ жерден қарсыластарына ұпай «сыйлап» жүрген ақтөбеліктер бүгін өте нашар ойнады. Алаңда екі негізгі ойыншының (Самат Смақов пен литвалық легионер Арунас Климавичус) жоқтығы көзге ұрып тұрды. Футболшылар аяғына жем түскен аттай, кібіртіктеп, көп кемшілік жіберді. Әсіресе, айып добын орындау кезіндегі өрескел қателік жеңіліске жол ашты. Әйтпесе тең түсуге болатын еді. Бұл ойынға біз әлі талдау жасап, қорытынды шығаратын боламыз», деді. «Ақжайықтың» бас жаттықтырушысы Йозеф Шкрлик өз шәкірттерінің бәрінің де жақсы ойнағанын айтып, жеңіске деген жігерлері үшін ризашылығын білдірді.

Сөйтіп 13 ұпай жинаған «Ақжайық» турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. Биылғы аяқ алысымен жанкүйерлерін қуанышқа бөлеген оралдықтар 22 сәуірде Талдықорғанда «Жетісумен» күш сынасса, 29 сәуірде өз алаңында «Таразды» қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар