«Ақжайық» футбол клубы сенімгерлік басқаруға берілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Ақжайық» футбол клубы сенімгерлік басқаруға берілді. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, клуб сатып алу құқығымен бес жыл мерзімге берілді.

«Ақжайық» футбол клубының бюджеті премьер-лигада өнер көрсететін командалар арасында ең азы болып есептеледі, 1 млрд теңгеге де жетпейді. Бұл қаржы ойыншылардың жалақысына ғана кетпейді. Сонымен қатар Орал қаласы мен төрт аудандағы балалар футбол орталықтарына қаржы бөлінеді, оларда жеті жүздей жеткіншек жаттығады.

«Қазіргі кезде «Ақжайық» футбол клубының бас бапкерінің мәселесі қарастырылуда», деді Ә.Аманбаева.

Команданың бас бапкері болған украиналық маман Владимир Мазяр 13 мамыр күні «Ақжайық» Ақтөбе қаласында 3:5 есебімен жеңіліс тапқаннан кейін кетіп қалған болатын. Қазіргі кезде бас бапкер міндетін жергілікті маман Артур Авакянц атқаруда.

Жалпы, «Ақжайықтың» биылғы қарқыны жаман емес. Бас жаттықтырушыдан кейін команда сұрмергені, украиналық шабуылшы Адеринсола Эсеоланың «Қайратқа» ауысып кеткеніне қарамастан, оралдықтар турнир кестесінде алтыншы орында келеді.

А.Авакянцтың шәкірттері кезекті кездесуін 23 маусым күні Шымкентте «Ордабасы» командасымен өткізеді.

Облыста «Ақжайық» футбол клубы» ЖШС-дан басқа «Ақжайық» спорт клубы» ЖШС, «Жайық» волейбол клубы» МКҚК жұмыс жасайды.

Еске сала кетейік, допты хоккейден «Ақжайық» спорт клубының өткен жылы аукционда 11 млн теңгеге сатылғанын бұдан бұрын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар