Ақжарқын Тұрлыбайға сот үкімі қазан айында шығады

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытайда есірткі саудасына қатысты күдікке ілінген қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты үкім қазан айында шығарылады. Бұл туралы Қытайдағы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында бойжеткеннің адвокаты, «Rainmaker» заң компаниясының өкілі Сяо Чжаньдэ айтып берді.

«30 тамыз күні таңертең Гуанчжоуда мен Ақжарқынмен кездестім. Біз ісіміздің алдағы барысын талқыладық. Мен оған қорытынды шешім екі айдың ішінде, бәлкім, биылғы жылдың қазан айында шығуы мүмкін екенін айттым. Бұл жаңалықты судьямен әңгімелескен кезде білдім», - дейді ол.
null 

Адвокаттың сөзіне сәйкес, бойжеткеннің денсаулығы жақсы әрі психологиялық тұрғыда дайын отырған көрінеді.

«Оның жағдайы жақсы. Түрмедегі әкімшілік пен қызметкерлер оған ерекше назар аударады. Ақжарқынмен бірге отырған 19 адам бар. Бойжеткен уақытын текке өткізбей, қытай тілін меңгеріп келеді. Ақырындап, қытай тіліндегі кітаптарды оқып жатыр», - дейді Сяо Чжаньдэ.

Адвокат сондай-ақ, соттың оң шешім шығарып қаларына үміттендіріп отыр.

«Әу бастан-ақ бойжеткеннің кінәсіз екеніне сенімдімін. Сот шешімі әділ болады деп үміттенемін», - дейді заңгер.

Еске сала кетейік, Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Гуанчжоу әуежайында 4,5 келі есірткіні (амфетамин) тасымалдады деген күдікпен тұтқындалған болатын. Ол сән киімдерінің курьері қызметін атқару үшін Малайзияға бара жатқан жерінен ұсталған. Бойжеткен есірткіні өзіне біреулердің жасырын салып жібергеніне сенімді. Осы қылмыстық іс бойынша Қытай соты Ақжарқынды өмір бойы бас бостандығын айыру туралы үкім шығарған болатын. Кейінірек есірткі, психотроптық заттар және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия аймақтық ақпараттық орталығы Ақжарқынның нигериялық мафияның құрбаны болғанын жария еткен. 2016 жылдың 7 сәуірінде аппеляциялық сот бірінші инстанцияның үкімінің күшін жойған. 2016 жылдың 2 қарашасында Гуанчжоу қаласы сотының бірінші инстанциясы Ақжарқын Тұрлыбайдың ісін қайта қараған.

Сотта қазақстандық бойжеткенді Фэн Чжицзянь мен Сяо Чжаньдэ есімді қытайлық адвокаттар қорғап жатыр.

Соңғы жаңалықтар