Ақжарқын Тұрлыбайдың сот отырысы қорытындысынан адвокаттар жігерлене түсті

None
None
ГУАНЧЖОУ. ҚазАқпарат - Ақжарқын Тұрлыбайдың қытайлық адвокаттары, «Sezimtal» қоғамдық қорының үйлестірушісі және Сұңқар Нұрмағамбетов, ҚХР-дағы ҚР Елшілігінің консулдық бөлімінің жетекшісі Болат Сырлыбаев бүгін ҚХР Гуандун провинциясы Гуанчжоу қаласының бірінші сатыдағы сотында ҚР азаматшасы Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты сот отырысының қорытындысынан жігерлене түсті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың Қытайдағы меншікті тілшісі.


«Сот отырысы сәтті өтті. Қорытындысы да өзіміз күткендей болып шықты. Бұл жолы біз Питер есімді африкалық жігіт пен Алена есімді (нигериялықтың жұбайы - ред.) қыздың кінәлі екенін айғақтайтын фактілерді келтірдік. Осылайша, біз Ақжарқынның кінәсіздігін дәлелдеуге ниеттіміз. Қазір нағыз қылмыскерлер бостандықта жүр, ал оларға алданған адам жауапкершіліктің бар салмағын көтеруде. Бүгінге дейін бірнеше сот отырыстары өтті, нәтижесін бүгін көріп отырмыз», - деді қазақстандықтың басты қорғаушысы - адвокат Фэн Чжицзянь. Ол соттың әділ шешім қабылдарына сенімді екенін және қыздың болашағы жарқын екенін айтты.

 

«Менің көпжылдық заңгерлік тәжірибем бойынша, тез қабылданған шешімдер сотталушы пайдасына шешілмейді. Бірақ сонда да біз кезекті сот отырысы мен сот шешімінің 2017 жылы қаңтар айында шығатынына үміттенеміз. Бұл біз үшін үлкен жетістік болар еді», - деді Фэн Чжицзянь. ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында қыздың қазақстандық адвокаты Сұңқар Нұрмағамбетов отырыс туралы қысқаша айтып өтті. «Бүгін Гуанчжоу сотында біздің отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайды есірткі контрабандасына айыптау бойынша сот отырысы өтті. Одан жауап алынды және ол қытай тілінде түсініктеме берді. Ақжарқын айыптаулармен келіспейді және өзінің кінәсіз екенін айтуда. Сот кеңес бөлмесіне кетті және жариялау мерзімі ашық күйінде қалды. Үкім шығару мерзімі жарияланғанда, тараптарға тиісті түрде хабар беріледі», - деді адвокат ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатта. Оның айтуынша, Ақжарқынның көңіл-күйі қанағаттанарлық. «Ақжарқын екеуміз сөйлестік. Оған туыстарының фотосуреттері мен аудиожазбаларын көрсетіп, қолдау білдірдік. Өз кезегінде Ақжарқын оқиғаға бей-жай қарамаған Қазақстан азаматтарына, ҚР СІМ, қорғаушыларға алғыс білдіріп, қолдау көрсетулерін сұрады», - деп С.Нұрмағамбетов ерекше атап өтті.

ҚХР-дағы ҚР Елшілігінің консулдық бөлімінің жетекшісі Болат Сырлыбаевтың айтуынша, Ақжарқын Тұрлыбайдың және өзге де ҚР азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мен ҚХР-дағы ҚР Елшілігі жіті қадағалап отырады. Ол 2015 жылы қыркүйек айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР мемлекеттік сапары барысында екі ел арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісім бойынша ратификацияланған грамота алмасу туралы Хаттамаға қол қойылғанын еске салды. 2015 жылдың тамыз айынан бері ҚХР-дағы ҚР Елшілігі мен Қазақстан құқық қорғау органдарының көмегімен Қытайда сотталған 12 қазақстандық елге қайтарылды. "Ақжарқынды экстрадициялау үшін соттың шешімі шығуы қажет. Онсыз біз Ақжарқынды елге қайтара алмаймыз. Біз Қытай соты әділ шешім шығарады деп үміттенеміз», - деді Б.Сырлыбаев.
 
Ақжарқынның қытай тілін жетік меңгергеніне аудармашы Хуан Яньтянь таң қалды. «Мен Ақжарқынның тар қапаста қытай тілін үйреніп, еркін сөйлеп кеткеніне таң қалып тұрмын. Ол менің қызметімнен бас тартып, судьялармен, прокурорлармен, адвокаттармен тікелей сөйлесті», - деді ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатта.

Еске сала кетсек, Ақжарқын Тұрлыбай сот отырысы барысында жылап жіберді. Төрағалық етуші судья Ақжарқынға жылы шырай танытып, отырыс соңында «Бәрі жақсы болады!» деп оны ширатып қойды. Және ҚХР-дағы ҚР Елшілігінің консулдық бөлімінің жетекшісі Болат Сырлыбаевтың өтінішімен судья журналистерге Ақжарқыннан сұхбат алуға, ұялы телефонға түсіруге рұқсат берді. Ақжарқынның анасы аудиохабарлама арқылы қызына қолдау білдірді.

21 жастағы  қазақ қызы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Қытайдың Малайзиямен шекарасында есірткімен ұсталған болатын.  Оның жүк сөмкесінен 4,5 келі есірткі табылды, Ақжарқын ол туралы білмейтінін мәлімдеген. Осы іс бойынша Қытайдың Гуанчжоу соты Ақжарқын Тұрлыбайды есірткі контрабандасымен айыптап, өмір бойына бас бостандығынан айырды. Кейінірек, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі орталықазиялық аймақтық ақпараттық орталық қыздың нигериялық наркомафия құрбаны болғанын хабарлады. 2016 жылы  7 сәуірде апелляциялық сатыдағы сот  Ақжарқын Тұрлыбайдың өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өзгерту және істі бірінші сатыдағы соттың қарауына жіберу туралы қаулы етті. 

Соңғы жаңалықтар