Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтаруға болады - Қазақстанның Қытайдағы Елшісі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шаxрат Нұрышев есірткі контрабандасы үшін сотталған Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты сот шешімі өзгермесе де, оны елге қайтаруға болады деп санайды. Себебі ондай практика бар, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шаxрат Нұрышевтың айтуынша, өткен жылдан бері Қытайда сотталған ондаған Қазақстан азаматы елге қайтарылды. Олардың ішінде өмір бақи бас бостандығынан айырылғандар да бар. Қазіргі кезде олар жазаларын өз жерінде өтеп жүр. Дәл осы жолмен А.Тұрлыбайды да экстрадициялауға болады.

"Алайда оны экстрадициялау үшін соттың шешімі шығуы қажет. Онсыз біз Ақжарқынды елге қайтара алмаймыз. Сот шешімі шыққаннан кейін біз оны Қазақстанға қайтаруға бар күш-жігерімізді салатын боламыз. Оны істей аламыз деп сенемін. Себебі былтырдан бері біз Қытайда сотталған 12 қазақстандықты елге қайтардық", - дейді елші Ш.Нұрышев.

Айта кетейік, бүгін Қытайдың Гуандун өлкесінің Гуанчжоу қаласында есірткіні заңсыз тасымалдағаны үшін сотталған Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша сот отырысы басталды. Оған елшіліктің консулдық бөлімінің меңгерушісі қатысуда. Одан басқа, Ақжарқын Тұрлыбайдың Қазақстандағы адвокаты, сондай-ақ Қытайдың жергілікті заңдарын білетін қытайлық тағы бір адвокаты бар. Олардың барлығы Ақжарқынды қорғауға атсалысып жатыр.

Бұған дейін сот осы іске қатысты өз шешімін шығарып, А.Тұрлыбайды өмір бақи бас бостандығынан айырды. Алайда Қазақстанның сыртқы істер министрлігі, бас прокуратура мен елшіліктің араласуымен сол сот шешімі қайта қаралатын болды.

Шаxрат Нұрышевтың сөзіне қарағанда, жақында тура сондай қылмысы үшін көршілес бір мемлекеттің азаматы өлім жазасына кесілді.

Соңғы жаңалықтар