Ақжар ауданында «ашық әкімдік» жұмысы таныстырылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Ақжар ауданының орталығы – Талшықтың сервистік әкімдігінде құрылыс, білім, коммуналдық және ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту және АХАЖ бөлімдері жұмыс істейді.

Бұдан былай аудан тұрғындары мемлекеттік қызметшілердің кабинеттерінің табалдырығын тоздырмай, қажетті қызметтерді бір орыннан алатын болды.

Орталықтың ашылуына аудан әкімі Ербатыр Мадияров, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин мен облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов, сонымен қатар «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекішсі Амангелді Сатанов қатысты.

«Өңірде мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындылығы қағидаттарына ерекше көңіл бөлінеді. Аудандық фронт-офис кеңес беру, құжаттарды қабылдау және халыққа көмек көрсету үшін қолайлы алаң құруға бағытталған. Сонымен қатар, «Қызылжар – адалдық алаңы» жобасы аясында дәстүрлі түрде азаматтардың ашық қабылдаулары өткізіліп, тұрғындардың мәселелері шешімін табуда. Облыс әкімдігінің барлық кеңестері online режимінде өткізіледі. «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» арқылы халық бюджет ақшасының бөлінуін және жұмсалуын жіті қадағалауда», - деді Ғани Нығыметов.

Сервистік әкімдік ашылғаннан кейін қонақтар орталықты аралап, қызметкерлермен әңгімелесті.

«Бүгін біз бірнеше нысанға барып, соның ішінде ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстарына куә болдық, халықпен жүздесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың ашықтығына көз жеткіздік. Жалпы, оң әсер алдық. Ақжар ауданының әкімі ұсынған «ашық әкімдік» тұжырымдамаға сәйкес келеді. Ашықтық және есептілік бар. Бұл open space, бос кеңістік. Жалпы ыңғайлы және кедергісіз жағдайлар жасалған», - деп Нұрлан Жахин ойын жеткізді.

Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында 2019 жылдан бастап аудандар мен қалаларда 9 сервистік әкімдік ашылды. Жыл соңына дейін барлық аудан әкімдіктерінің жұмысын «open space» форматына көшіру жоспарлануда.


Соңғы жаңалықтар