Ақыт қажы жырлары моңғол тілінде жарық көрді

None
None
БАЯН-ӨЛГЕЙ. ҚазАқпарат -Ұлы ойшыл, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын Ақыт қажы Үлімжіұлы туралы «Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақов Алтайский» атты зерттеулер және шығармалар жинағы Ұланбатырда басылып шықты. Кітаптың авторы - Моңғолия Ғылым академиясының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Құрметхан Мұхаммәдиұлы. Сондай-ақ, ақынның жырлары моңғол тілінде жарық көрді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Зерттеу кітабында Ақыттану ғылымына сүбелі үлес қосып жүрген ғалым Құрметхан Мұхаммәдиұлының көп жылғы ғылыми зерттеулерінің сұрыпталған нұсқалары және  бұрын ешбір жерде жарияланбаған бірқатар тың деректер қамтылған. Мысалы, Ақыттың қызметіне байланысты айтылған «хатшы» сөзінің мәнін бұрмаланып келгені жазылады. Бұған Құрметхан ғалым былай уәж айтады: «Ақыт қажыға қатысты айтылатын «хатшы» ол секретарь немесе почташы деген сөздің қай-қайсысы да емес. Хатшы -/переписчик/, көшірмеші, көшіріп жазушы мәнінде қолданылған. Басқаша айтқанда Цинь үкіметінен жергілікті қазақ билеушілеріне жіберетін іс қағаздарын қайтадан еселеп көшірушілер еді».

Ғалымның айтуынша, Ақыт қажы Үлімжіұғылының Қазан қаласында 10-нан астам кітабы дүркін-дүркін мол данамен басылған. Осы кітаптар нұсқасы Ақыттанудың сарқылмас қайнары болып табылады. «1809 жылы Қазан университетінде баспахана ашылды. Осылайша, 19-шы ғасырда Қазан қаласы Орталық Азия және Қазақстан халықтарының мәдени-ғылыми мұраларын жарыққа шығаратын орталыққа айналып, қазақша кітаптар да баспадан шыға бастады. Деректерге сүйенсек, Қазан баспаларынан 1917 жылға дейін  700 - ге жуық кітап басылды. Бұл кітаптардың 600 - ден астамы қаһармандық, 45-і лироэпостық, 29-ы айтыстар т.б ауыз әдебиеті иеленсе, қалғанын діни уағыз, ғылыми-танымдық оқулықтар, оқу құралдары, сөздіктер алды. Ал, қазақ авторларының төл шығармалары, кітаптары баспадан шыққан кітаптардың азғана бөлігін құрады. Қазақта Ақыт ақыннан бұрын баспадан кітабы шыққан екі ақын болған. Олар: Дулат Бабатайұлы (1802-1874) «Өсиетнама» (1880 жыл), Шортанбай Қанайұлының (1818-1881) «Шортанбайдың бала зары» (1890 жыл) еді. Міне осы екі басылымнан соң 1896 жылы Қазан қаласында басылған Сейфулмәліктің үшінші Ақыт нұсқасы -«Хисса и-Сейфульмалик» дастаны, 1897 жылы шыққан «Тәржүмә-и Ахид уәләд Гүлімжі-Алтайский /Карымсаков/ дастаны» қазақ әдебиет тарихында төл тума шығармаларының алдыңғы қатарынан орын алып, біртұтас қазақ жазба әдебиетінің ірге тасын қаласты» - дейді Құрметхан Мұхаммәдиұлы. Кітапты басып шығаруға Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі қолдау көрсеткен.
Сондай-ақ,  Ақыт қажының «Далайлул ғақлия немесе Ғақлиялық үндеу» атты жыр жинағы да моңғол тілінде жарық көрді. Аталмыш туындыны Моңғол елінің мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткері, ақын, жазушы Шынай Рахметұлы тәржімалап, тіл ғылымдарының докторы Гагаагийн Золбаяр редакциялаған. Кітапқа Ақыт қажының қызы Мәстура Ақытқызы, жиені Абдуллаһ Жапар Ушарлар демеушілік жасап, Қазақстанның О.Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық институтының қызметкері, философия ғылымдарының кандитаты Гүлнәр Омарова бастаған белгілі ғалымдар алғы сөзін жазды.
null 

«Қос туынды ақынның туғанына 150 жыл толуына тарту ретінде ұсынылып отыр» - дейді авторлары.

Ақытқажы Үлімжіұлы 1868 жылы тамыз айының 23-інде Қытайдың Алтай аймағының Көктоғай өлкесінің Қайырты деген жерде дүниеге келген. Өр Алтайды негізгі мекен етіп жүріп, жаз өмірін Қобда қойнауында өткізді. Ақын өмірінің 22 жылы Қобдада өтті. Ол Қобдада хатшылық қызметімен бірге, бала оқытып, кітап шығарып ағартушылық жұмыстармен айналысты. Саналы ғұмырын қазақ халқының мүддесін қорғауға арнаған ақын 1939 жылы желтоқсан айында Шың Шысай саясатының салдарынан жазықсыз тұтқындалып, кітаптары тәркіленді. 1940 жылы Үрімжіде өлтірілді.

Үстіміздегі 2018 жылы, Ақыт қажының туғанына 150 жыл толады. Ақын мерейтойы Моңғолия, Қазақстан бастаған бірнеше елдерде тойланбақшы. Осыған байланысты, Өлгей сұмындық Азаматтар Өкілі Хуралынан қаулы шығып Ақыт қажыға Өлгий қаласынан көше аты берілмекші.


Қуат Уатхан

Соңғы жаңалықтар