Ақын Сараның 165 жылдығына орай республикалық айтыс өтті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -  Алматы облысында айтыстың ақтаңгер ақыны Сара Тастанбекқызының 165 жылдығына орай республикалық айтыс өтті. «Жетісудың Сарасы - бар қазақтың дарасы» атты жыр додасында  Жандарбек Бұлғақов  бас жүлдені  қанжығалап, 1,5 млн теңге ақшалай сыйлыққа ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақынның туған өлкесі  Ақсу ауданы Жансүгіров ауылында өткен айтыста бірінші орынды шығысқазақстандық Сара Тоқтамысова еншіледі. Екінші орын жетісулық Балғынбек Имашевқа, ал үшінші орын алматылық Сырым Әуезхан мен Солтүстік Қазақстаннан келген Мұрадым Мирлановқа бұйырды.

Ал Ақсу ауданы әкімінің арнайы жүлдесі айтысқа жаңадан қадам басқан Алматы облысының жас ақыны Жалғас Садырұлына берілді. Астанадан келген Айнұр Тұрсынбаева, Павлодардың намысын қорғаған Қуаныш Шармонов, ақмолалық Нұрислам Әбділ, Түркістан облысының өкілі Жарқынбек Наушабековқа ынталандыру сыйлықтары ұсынылды. Марапаттарды  Алматы  облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев тапсырды.

Сайыстың көрігін қыздырған сөз шеберлері жеңіл әзіл, астарлы ой айтып көрермендердің көңілінен шықты. Сара ақын жайлы көптеген деректер ақындар тілімен жырланды. Қоғамдағы орын алып отырған келеңсіз жайттар да назардан тыс қалмай, ой саларлық дүниелер көркем түрде жеткізілді.

 Ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталған шара  Сара Тастанбекқызы атындағы  жастар мәдени орталығында жалғасты. Мұнда атақты «Біржан - Сара» операсынан театрландырылған үзінді қойылды. Басты рөлдерді мерейтойлық шараға арнайы шақырылған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, актер Сағат Жылкелдиев пен ҚР мәдениет қайраткері, әнші Гүлмайдан Сүндетова сомдады. Сондай-ақ көрме ұйымдастырылып, оған  ақын қолданған тұрмыстық заттар мен олардың бірқатар көшірмелері, кітаптар, фотосуреттер қойылды. Олардың арасында «НАҚ-Бірлік» қоғамдық ұйымы мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері бірлесіп Ресейден алып келген ақын Сараның мүсінші Маргарита Ващенко салған суреті де бар.

Соңғы жаңалықтар