Ақын қыз Елбасына махаббат жайлы өлең оқып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жас ақын Мақпал Тажмағанбетова ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жеңімпаздарымен кездесуі барысында махаббат жайлы өлең оқыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Тәуелсіздік тудырған есімдерміз. Алаштың рухы болып қайнаған қара қазанның суы сарқылған жоқ. Бүгінде мен сияқты қалам тербеп жүрген жастар сол қасиетті судың бір-бір мөлдір тапшысы. Шығармашылық жолыма келсем, өлеңдерім әлемнің бірнеше тілдеріне аударылып, сол елдердің антологиялық жыр-жинақтарында жарық көрді. Өзім де өзге тілдегі өлеңдерді қазақ тіліне тәржімаладым», - деп атап өтті ол.

Жас ақын шығармашылығындағы жұлдызы жарқыраған сәті Елбасы қоры ұйымдастырған «Алтын тобылғы» республикалық байқауында бас жүлдеге ие болуы екендігін айтты. Тарихи тақырыпта жазылған «Шоқан абыз» дастаны жоғары баға алғанын атап өтті.

«Мұның барлығы өзіңіз көшін бастаған қазақ жұртының қасиетті Тәуелсіздігінің арқасы деп білемін. Бүгінгідей адамзат баласының ақыл-ойы аламанға түскен заманды біздің әдебиетіміздің көркейіп, кемелденуі аса маңызды. Жан тазармай дүние тазармайды. Адамдар бір-бірінің қадіріне жетіп, бағалай білсе, жақсы көріп бақыт сыйласа. Өмір деген осы бір адами құндылықтардан тұрады. Осы жоба барысында министр бастаған топ менен патриоттық тақырыпта өлең оқуымды өтінген еді. Бірақ, мен сол қағиданы бұзғым келіп тұр. Рұқсат етсеңіз махаббат жайлы өлең оқып берсем», - деген Мақпал «Алыстама» деп аталатын өлеңін оқып берді.

Соңғы жаңалықтар