Ақын Күләш Ахметованың бес томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың шаңырағында болып, жақында жарық көрген ақынның бес томдық жинағының тұсауын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақтың аяулы ақыны Күләш Ахметова биыл 75 жасқа толады.

Саналы ғұмырын қастерлі поэзияға арнаған ақын қазақ әдебиетін тағы да өзінің інжу-маржанымен толықтырды.

Оның бұл қуанышына облыс әкімі Бердібек Машбекұлы ортақтасып, Күләш Ахметова мен жары Қайырбек Асановтың шаңырағына арнайы атбасын бұрды.

«Ұлтты танытатын әдебиет пен өнер. Әдебиет те, өнер де мәңгілік жасай береді. Әкімдер қызметке келеді, кетеді. Ал ақынның мұрасы өмір бақи қалады. 14 жасында жыр жазу деген әркімнің басына беріле бермейтін бақ. Сіз сол Ұлбике апамыздың жолын жалғастырып, осындай әдеби мұраларды басып шығардыңыз. Сізді «қазақ поэзиясының ақ гүлі» деп ел бекер айтқан жоқ. Бес кітапқа Әбділдә Тәжібаев ағамыздан бастап, Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырза Әлилердің алғы сөз жазуы тегін емес. Бұл Сіздің өлеңдеріңіздің құндылығы, әсіресе қазіргі заманға керек екендігінің нышаны. Отанды қалай сүю керек, қалай таза еңбек ету керек, соның барлығы жырларыңызда тұнып тұр. Махаббат деген тек қана адам мен адамның арасында ғана емес екенін, ұлтына, Отанына, жеріне деген махаббатты жақсы жазғансыз. Сіздің жолыңыз жастарға өнеге болуы керек. Сіз шығармашылығыңызға арқау еткен адалдық, шындық, ұлтты сүю әрбір ұрпаққа үлкен перзенттік парыз»,- деген Бердібек Машбекұлы ізгі тілегін білдірді.

Күләш Ахметова алдағы уақытта Отан жайлы кітап шығаруды жоспарлап отырғанын тілге тиек етті.

«Сізге арнаған өлеңімнің бір жолында: «Сен жүгірсең елге қарай жүгірдің, Сен жүгінсең әділетке жүгіндің, Сен халықтың төбесінен қарамай, Сен халықтың жүрегіне үңілдің» дегенімдей әрдайым халықпен бірге екеніңізді көріп жүрміз. Оны өзіңіз ілкімді істермен дәлелдеп келесіз. Алдағы уақытта Отан деген кітап шығарайын деп жатыр едім. Оған өзімнің табаным тиген еліміздің әр өңірі, яғни Қазақстанның табиғаты жайлы жырларым енеді. Сіз секілді әдебиет жайлы сөйлеу әрбір әкімнің қолынан келмейді. Сондықтан сол кітабыма өзіңіз алғысөз жазып берсеңіз», – деген ұсынысын жеткізді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен жазушы-драматург Елен Әлімжан жаңа жинақтың тұсауын кескен соң, жас ақындар өлең оқыды.


Соңғы жаңалықтар