Ақын Қайрат Жұмағалиевтің шығармашылығына арналған республикалық жыр мүшәйрасы мәреге жетті - БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 6 желтоқсан күні Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында белгілі ақын Қайрат Жұмағалиевтің шығармашылығына арналған республикалық «Армысың, айналайын, Ақ Жайығым!» атты жыр мүшәйрасын қорытындылау кеші болды.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен «Жайық Пресс» ЖШС ұйымдастырған әдеби-музыкалық кеште алдымен ақын туралы бейнефильм көрсетілді.

Ақындар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Ақұштап Бақтыгереева, Айтқали Нәріков, Атыраудан келген Қойшығұл Жылқышиев, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин өткен жылы өмірден озған Қайрат Жұмағалиевті еске алуға арналған мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Белгілі әншілер, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Сағадат Рахметжанов, Еркін Өтегенов ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді шырқады.

Аталмыш өлең бәйгесіне Астана, Алматы, Ақтөбе, Жаңаөзен қалалары мен Батыс Қазақстан облысынан отызға жуық үміткер қатысты. Соның оны жүлдегер атанып, өз өлеңдерін оқыды. Атап айтқанда, оралдық жас ақын, Бөкей ордасы ауданының түлегі Талғат Мықи бас жүлдені (100 мың теңге) жеңіп алса, жәнібектік мұғалім Назгүл Кәрімова бірінші орынды иеленді. Ақжайық ауданынан Сағынтай Бисенғалиев - екінші, жаңақалалық Марлен Ғилымханов, ақтөбелік Гүлімай Қуанышева, алматылық Айбар Ермекқалиев үшінші жүлдені еншіледі. Оралдық Қоблан Қуанов, зеленовтық Жеміс Лұқпанова, жәнібектік Нұртай Текебаев және астаналық Сәтжан Қасымжанұлы ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Соңғы жаңалықтар