Ақын Ақұштап Бақтыгереева оқырмандарымен жүздесті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереева оқырмандарымен жүздесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақынның 75 жасқа толуына орайластырылған шығармашылық кештері Ақжайық, Қазталов, Бөкей ордасы, Жәнібек және Жаңақала аудандарында ұйымдастырылды.

Өткен жылдың желтоқсанында «Ана сыры» кітабы үшін Елбасының қолынан Мемлекеттік сыйлық алған ақын ауыл-аймақ тұрғындарымен сағына кездесті, төгіле сыр ақтарды, жатқа өлеңдерін оқыды.

«Бауырмал болыңдар, тату болыңдар, ағайын. Қазақ деген азғантай ұлттың өсіп-өркендеуі үшін баланың, әсіресе, қыздың тәрбиесіне мұқият болыңдар. Өйткені бүгінгі қыздар - елдің болашағы үшін жауапты ертеңгі ана, әже емес пе!? Менің бақытым - өлеңді түсініп оқитын ұрпақ өссе екен деймін. Соған қуанамын. Елге тыныштық керек. Демократия да керек, бірақ ол аузына келгенді айтып, беталды шаба беру емес. «Басшыға бағынбаған ел болмайды, табына білмеген елдің әулиесі болмайды», дейді. Халқыма айтарым, сауатты болыңдар. Әрбіреуің басқа ұлттың ақылдысын тоқтататындай білімді болыңдар деймін. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл тола қойған жоқ. Бұл - тарих үшін аз уақыт. Сондықтан қазақтың болашағы алда. Жастарымыз қаланы да, даланы да гүлдендіретін уақытқа да жетерміз. Кей кезде сабырлы да бола білу керек. Бақытты болыңдар, аман болыңдар», - деді ақын өз сөзінде.
null

Мерейтой иесіне Алматыдан арнайы келген ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жуырда ТМД елдері мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының «Достастық жұлдыздары» мемлекетаралық сыйлығымен марапатталған Есенғали Раушанов риясыз тілегін арнады.

«Ақ Жайық туралы туындылар баршылық. Қазақтың үлкен жазушысы Хамза Есенжановтың кезінде «Ақ Жайық» трилогиясы жарық көріп, лайықты бағасын алғаны мәлім. Сол Ақ Жайықты поэзия тілінде тұтас бет-бейнесімен жырлай білген өзім ұстаз тұтатын Ақұштап апамыз деп ойлаймын. Екіншіден, пайғамбарлардың арасында бірде-бір әйел адам жоқ. Бірақ солардың бәрі анадан туған. Ақұштап Бақтыгереевадай анадан тәлім-тәрбие алған деп ойлаймын. Апамыз сол адал ана бейнесін әдебиетімізде қалыптастырды. Бүгінде Ақұштап Бақтыгерейқызындай ұлтымыз мақтан тұтатын қадау-қадау тұлғалар өте сирек. Жуырда ақынның өлеңдері БҰҰ бекіткен әлемнің алты тіліне аударылып, басылғалы жатыр. Оған қоса жетінші үлкен тіл - түрік тілінде Ыстанбұл қаласында кітабы шықты деген сүйінші хабарды алып отырмыз. Ақын бақыты - елмен тілдесу, халықпен сырласу. Ақынға өлеңдері жұртының жүрегінде қалғаннан асқан бақыт жоқ», деді Есенғали Раушанов.

Ақұштап Бақтыгереевамен бірге жан-жары Ғабдрахим Жаңбырбаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің қолдауымен қолға алынған Қазақстан Жазушылар одағының «Әдеби өлкетану» жобасымен елге шыққан оралдық қаламгер Ғайсағали Сейтақ, Алматыдан келген жазушы Қойшыбек Мүбарак, жас ақын Асылан Тілеген сапарлас болды.
null

«Біз осы шығармашылық сапарымызда ақыны мен тарихын құрметтейтін елді көрдік. Музейлерді аралап, шежіреші қариялармен тілдестік. Аңыз әңгімелерді, құнды деректерді жазып алдық. Әсіресе, Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы музейі айрықша әсер қалдырды. Жәңгір хандай тұлғаны топырақтың астынан аршып алып, тарихи орындарын әспеттеп ұстап отырған елдің тірлігіне риза болдық», - деді Қойшыбек Мүбарак.

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевтің айтуынша, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның республикалық деңгейдегі шығармашылық кеші қыркүйек айында Оралда өтеді. Содан кейін туған жері - Теректі ауданында қорытындыланады.

null null null

Соңғы жаңалықтар