Ақын Ақұштап Бақтыгереева бауырларын өрттен алып шыққан 16 жасар қызға қолұшын созды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батысқазақстандық ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева бауырларын өрттен алып шыққан 16 жасар Дана Өтебаеваға қолұшын созды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақын қазіргі кезде Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылында нағашы әжесінің қолында тұрып жатқан Данаға арнайы хат жазды.

«Айналайын Дана! Сенің анаңнан айырылып, басыңнан ауыр күндерді өткізіп жатқаныңды естіп, қабырғам қайысып отыр. Ең жақын жанның мейірім шуағына бөленіп, еркелеп жүрер шағыңда тағдыр осылайша сынаған екен. Бастысы, сынып кетпе! Өмір деген осы, қызым. Бақытты сәттерден ғана тұрмайды. «Өлмектің артынан өлмек жоқ» деген сөз қалған бұрынғыдан. Анаңның аруағы үшін, бауырларыңның жарқын болашағы үшін өмір сүруді жалғастыр. Жаныңды ұқпаған, қажет кезде қасыңнан табылмаған жандарды жазғыра көрме. Жүрегің мұздамасын, Дана. Адамдардың жақсылығын ғана жадыңда ұстап, қателіктерін көңіліңе алмауды үйренуің керек. Ересек өмірге қадам дәл осындай бетбұрыстардан басталады. Қазір нағашы әжеңнің жаныңда екеніңнен хабардармын. Үлкен кісі ғой, көңіліне демеу, жанына жұбаныш болуға тырыс. Сабағыңа мұқият бол. Алла бұйыртса, сынақтан сүрінбей өтеріңе сенемін. Жоғары оқу орнын таңдап, Оралға келер болсаң, жанашыр апаң ретінде қолымнан келген көмегімді көрсетуге әзірмін. Мен бастық та, бай да емеспін. Бірақ жаны шырылдап жалғыз қалған қазақтың бір шынашақтай қызына қамқор бола аламын, Алла ғұмыр берсе. Қызым, болашағың өз қолыңда. Алдағы күндерің арайлы болсын десең, өз-өзіңді қолыңа ал, мықты бол! Ғұмыры келте қайырылған анаңның арманын жалғап, болашақта бауырларың үлгі алар адам болғайсың», деп жазды хатында Ақұштап Бақтыгереева.

Ақынның осы хатына қоса жолдаған заманауи планшетті Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева бастаған топ Дана Өтебаеваның үйіне барып, табыс етті.

«Менің мұндағы мақсатым – енді өсіп келе жатқан жасөспірім қызды назардан тыс қалдырмау. Анасынан айырылу қиын ғой. Соған жаным ашып, қолдау көрсеттім. Мектеп бітіріп, оқуға келсе, міндетті түрде көмектесемін. Тіпті үйімде де тұрғыза аламын. Өмір бойы қыздар тәрбиесімен айналысып келемін. Бұған дейін де жетім қыздарға, тағдыр соққысына ұшыраған жандарға қолұшын создым. Дана да – солардың бірі. Осыны көріп, басқа қайырымды жандар, оқу орындарының басшылары қолдау көрсетер. Әйтеуір Данадай қызымызды елеусіз қалдырмай, қатарға қосып жіберсек, бәрімізге де абырой емес пе!», деді ҚазАқпарат тілшісіне Ақұштап Бақтыгереева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бауырларын өрттен алып шыққан 16 жасар қыздың марапатталғанын жазған болатынбыз.

Өрт сөндірушілер жеткенге дейін өзінен кіші үш бауырын терезеден шығарып, құтқарып қалған Дана Өтебаева ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталған болатын.

Оқиғадан кейін төрт баланың мәселесі жергілікті әкімдік жанындағы комиссия отырысында қаралып, Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылында тұратын нағашы әжесінің қамқорлығына берілген еді.

Қазіргі кезде 11-сынып оқушысы Дана Сайқын ауылындағы М.С.Бабажанов атындағы орта мектепте білім алып жүр.


Соңғы жаңалықтар