Ақылы жолдың бойында тұратын көлік иелері ақша төлей ме

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы 3 жылда ел аумағында 32 ақылы жол пайда болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы «QazAvtoJol» ұлттық компаниясының стратегиялық жоспарлау, бизнесті дамыту және ақпараттандыру департаментінің директоры Рустам Исаев айтты.

«Қазіргі таңда ақылы жол 4 учаскеде енгізілген. Олардың жалпы ұзындығы - 682 шақырым. Атап айтсақ, бұл Нұр-Сұлтан-Шучинск, Нұр-Сұлтан-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас бөліктері. Жол ақысын онлайн жүйеде төлеуге де, жол бойындағы арнайы бекеттерде өтеуге де болады. Жол бағасы әр учаскеге жеке тағайындалады. Оның мөлшерін өкілетті орган бекітеді. Жол ақысының мөлшерін белгілеуде көліктің түріне мән беріледі. Жеңіл көлік иелері онлайн жүйе арқылы алдын ала төлеген жағдайда жол бағасының екі есе аз төлейді. Мұндай жеңілдік жүк көліктері үшін қарастырылмаған», - дейді ол.

Ұлттық компания өкілінің айтуынша, алдын ала төлемнің 20 түрі бар. Терминалдар мен интернет-банкинг, электронды әмиян және бірнеше банктің онлайн сервисі арқылы төлеу қазірдің өзінде мүмкін.

«Жол сапасына, компанияның қызметіне қатысты сын-пікірлерді де интернет арқылы қабылдайтын боламыз. Қарапайым тәсілмен арнайы қосымшада тіркелу арқылы жүргізушілер мен жолаушылар өз сауалдарын жолдайды. Оған компания мамандары міндетті түрде жауап береді. Telegram-бот арқылы ақылы учаскелердің бағасын білуге де болады», - деген Рустам Исаев ақылы жол маңындағы елді мекенде тұратын көлік иелеріне қойылып отырған шартың мән-жайын түсіндірді.

«Ақылы учаскелердің аумағындағы елді мекендерде тіркелген көліктер үшін жылына 1 000 теңге көлемінде баға бекітілген. Яғни, жергілікті көлік иелері жылына бір рет осы соманы төлеу арқылы аталмыш учаскеде шектеусіз жүре алады. Ондай абоненттік төлемді рәсімдеу үшін жол ақысын қабылдайтын бекетке көліктің техникалық төлқұжаты мен техника иесінің жеке куәлігін апару қажет. Соңғы 2-3 жылда ақылы жолдар санын 32 учаскеге көбейту жоспарланған. Олардың жалпы ұзындығы 11 мың шақырым болады. Бұл учаскелерде төлем алдын ала төлеу жүйесі арқылы жүргізілуі тиіс. Қазір сол бойынша жоба дайындап жатырмыз. Жол ақысынан түскен барлық қаражат оны күтіп ұстауға кетеді», - деді департамент директоры.

Айта кетсек, орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жол бойында таза әрі жайлы дәретханасы жоқ сервистер сүрілуі мүмкін екені мәлім етілген болатын. «QazAvtoJol» өкілдері жол бойындағы дәретханалардың тазалығына кім жауапты екенін де айтты.

Соңғы жаңалықтар