Ақылы жолдармен жүретін жүргізушілерге RFID-таңбалары тегін беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Астана мен Бурабай аралығындағы ақылы жолда RFID-жүйесі тестілеуден өткізілді. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Қазавтожол» ҰК» АҚ бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Рустам Исаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.    

«RFID - жүйесіне тоқталып өткім келеді. Бұл таңбалар көліктің алдыңғы әйнегіне жапсырылады. Атап айтқанда, Астана мен Бурабай аралығындағы ақылы жолда осы жүйені тестілеуден өткіздік. Бұл жүйе тәуліктің кез келген уақытында көлік туралы мәліметті толықтай сәйкестендіруге жол ашады. Осы орайда жол ақысы есептелетін бекеттерде автокөлікті айтарлықтай жылдам тануға мүмкіндік беріледі. Көліктер төлем алынатын бекеттерден еш кедергісіз өтеді», - деді Исаев.

Оның сөзіне қарағанда, алдағы жылдан бастап аталған жапсырмалы таңбаларды тарату жұмыстары іске асырылады. Бірінші кезекте ақылы учаскелер аумағына жақын орналасқан тұрғындарға беріледі. Содан кейін қалған жүргізушілерге тапсырылады. Аталған RFID - таңбалар жүргізушілерге тегін таратылады.

«Биыл жолдардың үш учаскесінде ақылы жүйе енгізіледі. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін, бұл таңбалар таратыла бастайды. Бірінші кезекте, абонемент ретінде таңбаларды жергілікті тұрғындарға беріледі. Осындай белгісі бар көлік төлем бекетінен өткен кезде, көлікке тиесілі шоттан қажетті сома алынып отырады. Мәселен, қазіргі кезде Бурайбайдан Астанаға келген уақытта құрылғылар автокөлік нөмірін танығанша біршама уақыт тоқтап тұру керек. Ал RFID -таңбасы бар көліктерге қатысты бұл шаралар айтарлықтай жылдам жүреді. Автомобиль бекетке (шлагбаумға) тоқтамастан өте шығады», - деп түсіндірді.

RFID - жүйесі - ол ішінде чип орнатылған шағын ғана заттаңба іспеттес. «RFID - Radio Frequency Identification», яғни «радиожиілікті идентификация» кезінде өзара мәлімет алмасуға болады.

Ондайда арнайы құрылғылар RFID-белгілерге салынған ақпаратты қашықтықта оқи алады. Сөйтіп, автоматты түрде ақы алуға мүмкіндік бар.

Соңғы жаңалықтар