Ақылы жолдарда RFID-таңбалары қалай орнатылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақылы жолдарда RFID-таңбаларын енгізу жұмыстарын биыл қыркүйекте бастау жоспарланып отыр. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«RFID-таңбаларын алғаш орнату ақысыз негізде іске асырылады. Бірінші кезекте аталған таңбалар ақылы жолмен жиі жүретіндерге беріледі, яғни жолдың бойындағы елді мекендердегі көліктерге, таксиге, автобустарға жапсырылады», - делінген компанияның мәліметінде.

RFID-таңбалар ақы төлеу бекеттерінде орнатылмақ. Таңбаны орнату мен оны жүйеге тіркеу уақыты шамамен 5 минутқа дейін созылады. Бұл бағыттағы шараларды жүзеге асыру биылғы қыркүйек айына жоспарланып отыр.

«Бүгінде бірінші кезеңді іске асыру аясында 80 000 таңба сатып алынды. Сонымен қатар, есепшотты толтыруда ешқандай өзгеріс болмайды. Яғни, төлем жасау мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі бойынша іске асырылады», - деп нақтылады «ҚазАвтоЖолдың» баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Астана мен Бурабай аралығындағы ақылы жолда RFID-жүйесі тестілеуден өткізілген болатын.

Бұл таңбалар көліктің алдыңғы әйнегіне жапсырылады. Жүйе тәуліктің кез келген уақытында көлік туралы мәліметті толықтай сәйкестендіруге жол ашады. Осы орайда жол ақысы есептелетін бекеттерде автокөлікті айтарлықтай жылдам тануға мүмкіндік беріледі. Көліктер төлем алынатын бекеттерден еш кедергісіз өтеді

RFID - жүйесі - ол ішінде чип орнатылған шағын ғана заттаңба іспеттес. «RFID - Radio Frequency Identification», яғни «радиожиілікті идентификация» кезінде өзара мәлімет алмасуға болады. Ондайда арнайы құрылғылар RFID-белгілерге салынған ақпаратты қашықтықта оқи алады. Сөйтіп, автоматты түрде ақы алуға мүмкіндік бар.

Соңғы жаңалықтар