Ақылы жолдарда өлшеу құралдарын орнату жұмысы жалғасады - Жеңіс Қасымбек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек көліктік бақылау саласын автоматтандыру шаралары туралы айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, осы уақытқа дейін республика жолдарында 12 автоматтандырылған өлшеу құралы орнатылған болатын. Аталған жүйе арқылы 804-тен астам заң бұзушылықтар анықталды. Ал алымдар мен айыппұлдардың сомасы шамамен 94 миллион теңгені құрады.

«Биыл жыл соңына дейін жаңа ақылы учаскелерде тағы 11 арнайы автоматтандырылған өлшеу құралын іске қосу жоспарланып отыр. 2021 жылға қарай олардың жалпы санын 46-ға дейін жеткіземіз», - деді Ж.Қасымбек Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, интеллектуалды көлік жүйесінің маңызды бір бөлігі - ақы алу, сондай-ақ, жолдың жағдайы туралы ақпаратты жинау мен оны көлік жүргізушілеріне ұсыну жүйесі.

«Бүгінде Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас және Астана-Теміртау учаскелерінде жалпы ұзақтығы 471 шақырым болатын ақы алу жүйесі пайдалануға берілді. Жалпы, 2021 жылға қарай ұзақтығы 6,5 шақырым болатын 16 учаскеге ақы алу жүйесін енгізу жоспарланып отыр», - деп атап көрсетті Ж.Қасымбек.

Айта кетейік, отырыста министр E-SHANYRAQ жобасы аясында үнемделген қаражаттың сомасын атады. Бұдан бөлек, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің «5-20-25» шартымен берілетін ипотекасына қосымша қаржы бөлу туралы шешім қабылданды.

Соңғы жаңалықтар