Ақылы жолдар: Жыл басынан бері 30-дан астам қоғамдық талқылау өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан өңірлерінде республикалық маңызы бар жолдарға ақылы жүйе енгізу бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізу жалғасуда. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және қоғам белсенділері бірлесіп, аталған мәселені жіті талқылауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2021 жылдың қаңтарынан бастап Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында автомобиль жолдарының 7 учаскесі бойынша 35 елді мекенде қоғамдық тыңдау өткізілген. Ұлттық оператор өкілдері жүйені енгізу кезеңдері, жеңілдіктер, тарифтер, және төлемнің артықшылықтары туралы халықты хабардар етті.

Ақылы автомобиль жолдары желісін кеңейтудің ұзақ мерзімді әлемдік тәжірибесі Қазақстанда да тиімділігін дәлелдеген. Қазіргі уақытта елімізде 4 ақылы учаске жұмыс істеуде: «Нұр-Сұлтан – Щучинск», «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Алматы – Қапшағай» және «Алматы – Қорғас». Биыл ақылы жолдар жүйесін 5,8 мың шақырым жолға енгізу көзделген.

Жалпы, 2020-2025 жылдарға арналған инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 11 мың шақырым автомобиль жолын ақылы ету жоспарлануда.

Сонымен бірге қоғамдық тыңдаулар Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар