«Ақылды технологиялар» ауылға барады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Astana hub халықаралық IT стартаптар технопаркінде Huawei және «Билайн» компанияларының бірлескен жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сымсыз байланыс арқылы адам өмірін жеңілдетіп, энергетикалық шығындарды үнемдеуге бағытталған жоба тіршіліктің барлық саласын қамтымақ.

«Билайн» байланыс операторының IoT департаментінің директоры Тимофей Костогрызовтың айтуынша, «NB-IoT» стандартын енгізуге Қазақстанның мемлекеттік органдары да, кәсіпкерлік нысандар да қызығушылық танытып отыр.

«Қазақстанның аумағы өте үлкен болғанымен, адам саны аз. Осыншама аумақты бақылауда ұстап, өндіріс пен шаруашылықтың, ірі-ірі кен орындарының бәріне мониторинг жүргізу қиын. Түрлі техногендік апаттардың алдын алу үшін де ұдайы мониторинг жүргізіп отыру қажет. Біз ұсынатын жоба сол әрекеттің бәрін қолданыстағы тәсілдерден әлдеқайда арзан әрі оңтайлы ұйымдастыра алады. Қарапайымдап айтқанда, бұл тәсіл елдің тұтас аумағын сенсорлы тетіктермен қамтуды көздейді. Оны кез келген жерге орнатуға болады. Өйткені электр желісіне жалғау міндетті емес. Аталмыш тетіктер бақылау аумағындағы кез келген өзгерісті орталық базаға дер кезінде жолдап отырады. Мұны қазіргі «Ақылды қала» жобасының жалпы ел аумағына таралуы деп айтуға болады», - дейді Тимофей Костогрызов.

«Билайн» өкілі Қазақстан бұл технологияларды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, түрлі нысандардың жағдайын мониторингілеуге, тұтас экологиялық ахуалға мониторинг жүргізуге, техногендік тәуекелдердің алдын алу үшін пайдалануға ниетті екенін айтады.

«Аталмыш ақылды технология ауылды да жатсынбайды. Қазір мал үйірлері мен табындарын «чип» арқылы бақылау кең қолданысқа енуде. Біздің технология соның әлдеқайда жетілген түрін ұсына алады. Біздің сенсорлы тетік арқылы малдың қайда жүргенін біліп қана қоймай, денедегі температурасын бақылауға да болады. Осының арқасында табын ішіндегі сиырдың ауруын дер кезінде анықтап, өзгелерге індет жұқпауын қадағалауға болады. Қазір роботтандырылған фермалар осы жүйенің арқасында сауын көлемін ұлғайтып, өнімділікті арттырып отыр», - дейді маман.

Алдағы бес жылда Қазақстан аумағында IoT желілері тартылмақ. Тимофей Костогрызовтың айтуынша, құрылыс жұмыстары қазірдің өзінде басталып кеткен.

«Алдағы екі жылда Қазақстанның негізгі қалаларын қамтып үлгерсек деген жоспар бар. Оның арқасында Smart city бағдарламалық кешені мен ұялы байланыстың бұрынғыдан да қолайлы деңгейі ұсынылатын болады. Қазіргі таңда денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және индустрия министрліктерімен бірлескен жобалар жасау бойынша келіссөздер жүріп жатыр», - дейді Тимофей Костогрызов.

Соңғы жаңалықтар