Ақылбек Күрішбаев меморгандардың азық-түлік инфляциясына қарсы жұмысын сынға алды
2022 жылғы 19 мамыр 12:08

Ақылбек Күрішбаев меморгандардың азық-түлік инфляциясына қарсы жұмысын сынға алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев азық-түлік инфляциясына қарсы меморгандар жұмысын сынға алды және инфляциямен күрес шараларын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында сенатор азық-түлік инфляциясының рекордтық деңгейге жеткені туралы мәселе көтерді.

Өз сөзінде депутат Қазақстан ауылшаруашылық өнімдерінің негізгі түрлерін экспорттайтын әлемдегі 10 елдің қатарына кіретініне қарамастан азық-түлік бағасының өсуі маңызды мәселеге айналғанын атап өтті және біздің еліміз азық-түлік инфляциясының деңгейі бойынша көптеген елдердің алдына түсіп кеткеніне назар аударды.

«Қазіргі уақытта біздің мемлекеттік органдарымыз өрт сөндіру әдісімен жұмыс істейді деп айтуға болады, олардың іс-қимылы алдын алу сипатындағы шараларды қолдануға емес, аяқасты туындаған жағдайға жауап қайтаруға ғана бағытталған. Ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттауға тыйым салу және экспорттық квоталарды енгізу оңай. Бірақ ондай шектеулер фермерлерді банкроттыққа, ал отандық агроөнеркәсіп кешенінің дамуын тежелуіне әкеп соғады. Ең сорақысы, бізде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде жүйелілік жоқ», - деді Ақылбек Күрішбаев.

Оның айтуынша, кейбір өнім түрлері бойынша өндіріс көлемі тұтынудың физиологиялық нормаларының негізінде есептелген ішкі нарықтың қажеттілігінен асып кетеді. Ал шын мәнінде бұл өнімдер бойынша Қазақстан әлі де импортқа тәуелді болып отыр. Басқаша айтқанда, халықтың азық түлікті тұтыну нормаларын анықтауда шынайы объективті тәсіліне ауысу керек.

«Бізде азық-түлік қауіпсіздігі доктринасы қабылданып, оның нақты көрсеткіштері, бағалау өлшемшарттары мен қамтамасыз ету тетіктері айқындалуы тиіс. Барлық дамыған елдерде бұл мәселелер ұзақ мерзімді экономикалық байланысты қалыптастыра отырып, белгіленген бағамен форвардтық және фьючерстік келісімшарттарды дамыту арқылы шешіледі. Сондықтан оларда азық-түлік тауарларын ішкі нарыққа белгіленген бағалар бойынша жеткізудің тұрақты көлемі сақталып отырады. Осы себептен аталған елдерде азық-түлік инфляциясы біздегідей көтерілмейді», - деді сенатор.

Ашығын айту керек, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер субсидия ала отырып, ішкі азық-түлік нарығының жай-күйіне, азық-түлік бағасының қымбаттауына қатысты ешқандай жауапкершілік алмайды.

«Нақтырақ айтсақ, көптеген бағыттар бойынша субсидиялау жүйесі бюджет қаражатын жай ғана тарату рәсіміне айналды. Өсірілген өнімді ішкі азық-түлік нарығына форвардтық келісімшарттар бойынша және белгіленген бағаларға сәйкес жеткізуді субсидия алудың міндетті шарты ретінде енгізу қажет. Осы тетікті әзірлейтін болсақ, форвардтық келісімшарттарға аванс беру есебінен ауылдағы тауар өндірушілердің айналым қаражатын толықтыру, яғни несиелендіру мәселелері де бір мезгілде шешіледі. Аталған жүйелі өзгерістерді іске асыру үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет», - деді А. Күрішбаев.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT