Ақұштап Бақтыгереваның 75 жылдығы туған жерінде бастау алды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереваның 75 жылдығына арналған шаралар туған жерінен бастау алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевтің айтуынша, өңірде әдебиетіміздің бірегей тұлғаларының есімдерін ұлықтау, шығармашылығын кеңінен насихаттау жұмыстары жыл сайын жалғасып келеді.

Өткен жылы дауылпаз ақын Тайыр Жароков пен жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хамза Есенжановтың 110 жылдығы тойланса, биыл кезек Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгереваға келіп отыр. Алдағы жылы Қазақстан халық жазушысы, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығы кең көлемде аталып өтілетін болады.null

Өткен жылдың желтоқсанында Ақұштап Бақтыгерееваның Елбасының қолынан Мемлекеттік сыйлықты алғаны белгілі. Бұл - Мемлекет басшысы тарапынан көрсетіліп отырған әдебиетке, талантқа және елге деген құрмет.

Қадырболат Қабдырұлының сөзіне қарағанда, Ақұштап ақынға арналған шаралар жыл бойы жалғасады. Соның ішінде республикалық жыр оқулары өтеді.

Бүгін ақынның туған жері - Теректі ауданында мерейтойлық шара онлайн түрінде бастау алды. Онда аудан әкімі Әділ Жоламановтың мәлім еткеніндей, биыл жазба ақындар арасында «Ғаламат жыр тудырар ақын бейне» атты республикалық жыр мүшәйрасы ұйымдастырылмақшы. Түрлі әдеби-мәдени кештер мен кітап көрмелері, тәрбие сағаттары, Ақұштап оқулары өтіп, Ақжайық мектебінде ақын сыныбы ашылады. Ақын мерейтойы қыркүйек айында туған жері - Ақжайық ауылында кең көлемде өтетін республикалық шарамен қорытындыланады.null

Алматыдан тікелей экран арқылы хабарласқан ҚР Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Ажар Хамитқызы ақынның осынау руханият орталығымен әлі күнге дейін байланысын үзбегенін, мұнда Ақұштап Бақтыгерееваның 1967 жылы жарық көрген «Өрімтал» атты кітабынан бастап барлық жинақтарының сақталып, оқырмандар игілігіне айналып отырғанын, мерейтойлық шаралар Алатау төрінде де ұйымдастырылатынын жеткізді. null

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріковтің баян еткеніндей, елімізде өткен ғасырда Шолпан Иманбаева, Зияш Қалауова, Мариям Хакімжанова сынды ақын қыздардың ізін алпысыншы жылдары Ақұштап Бақтыгереева жалғастырып, әдеби ортаға ерте танылды. Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Марфуға Айтқожиналармен бірге жыр биігіне көтерілді.

Жиын барысында сондай-ақ ақындар Сағынтай Бисенғалиев, Тілес Жазықбай, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин Ақұштап ақынның шығармашылығы турасында ой толғап, өз пікірлерін білдірді. Ақын жырлары оқылды.

null

Соңғы жаңалықтар