Ақұштап Бақтыгереева: Елбасы есімінің Астана қаласына берілуі - дұрыс шешім

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева елорданың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлы даланың еркіндік алған ғасырының тұңғышы болып тізгінін ұстау Елбасының маңдайына жазылған тағдыр екені даусыз. Сын сағаттардан сүрінбей өткен шыдамыңыз бен парасатыңызға куәміз, ризамыз. «Мың өліп, мың тірілген» ұлтымыздың сан түрлі мінезін де көтеріп, бүкіл әлем алдында абыройын асқақтатып көрсету үшін жасаған істерінің ұшан-теңіз екені тарихқа жазылып қалды. Бұл күнде бүкіл әлем көшпенділер мекені деген қазақ даласын Нұрсұлтан Әбішұлының есімінен танып білгені жасырын емес», - дейді ақын.

Ақұштап Бақтыгерееваның айтуынша, Елбасының Алаш жұртының рухын қайта көтерген қайраткерлігіне бүкіл халық сүйсінді.

«Халықтың құрметіне бөленген қазақтың азаматы, нар тұлғалы ұлт көшбасшысының есімінің Астана қаласына берілуін дұрыс жасалған шешім деп білемін. Және өз тарапымнан оң көзқараста екенімді баса айтқым келеді», - деп атап өтті Ақұштап Бақтыгереева.

Соңғы жаңалықтар