Ақұштап Бақтыгереева аналарға ескерткіш орнатуды ұсынды

None
Фото: Рафхат Халелов
ОРАЛ. ҚазАқпарат – «Атамекен» өнер орталығында Халықаралық отбасы күніне орай «Еңбегі жанған арулар» атты облыстық іскер әйелдер форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің атап өткеніндей, Халықаралық отбасы күні – халқымыз үшін маңызды мереке. Себебі, отбасы мемлекеттің іргетасы мен дәстүрлі қазақ қоғамындағы үлкен құндылық болып табылады.

«Жалпы, отбасы саясатына қатысты мәселенің барлығы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының үнемі назарында. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы «2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» қайта пысықталды. Оның негізінде мемлекет және қоғамдық институттар тарапынан отбасылардың әл-ауқатын арттыру бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр», - деді өңір басшысы.


Мемлекеттік отбасы саясатын жүзеге асыру мақсатында 2006 жылдан ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, облыстарда өңірлік комиссиялар құрылып, өз жұмысын жүргізуде. Отбасы күніне арналған шаралардың бірқатары БҚО әкімі жанындағы әйелдер мен отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Өңір басшысының айтуынша, соңғы жылдары елімізде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту қарқын алып келеді. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, әйелдерге арналған бизнес-консультациялар, тренингтер, кәсіпкер әйелдер үшін инвестициялар тарту жұмыстары жүргізілуде.

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында 1 мамырдағы мәлімет бойынша облыста 4 954 әйел жұмыспен қамту шараларымен қамтылса, соның 1 054-і бос жұмыс орындарына, 200-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 97-сі жастар тәжірибесіне жіберілді. Сондай-ақ 1 790-ы қоғамдық жұмыстарға, 29-ы «Алғашқы жұмыс орны», 95-і «Күміс жас», 1 429-ы «Бастау Бизнес» жобасына тартылса, 85-і грантқа қол жеткізді. 175 әйел онлайн оқыды.

«Сонымен қатар қазіргі таңда өңірдегі кәсіпкер қыз-келіншектердің үлесі 50 пайыздан асты. Шағын бизнес кәсіпорындарының жартысынан көбін әйелдер басқарып отыр.

Оның ішінде басым бөлігі – қызмет көрсету саласы: ателье, сұлулық салондары, дүкендер, және денсаулық сақтау, азық-түлік және туризм салалары. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығы өңірдегі қайырымдылық және жұмыспен қамту бағытында түрлі жобалар жасап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлестерін қосып келеді», - деді Н.Төреғалиев.


Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева мемлекет пен қоғамның дамуына іскер әйелдердің қосып отырған үлесі мол екендігін, олардың Батыс Қазақстан облысында да көптеген жобаларды қолға алып, жүзеге асырып жатқандығын атап көрсетті.

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева ұлы далада қазақ әйелі мен қыз-келіншектерінің қандай рөл атқарғанына, қазір де әр салада ерен еңбек етіп жатқанына тоқтала келіп, Орал қаласында Анаға тағзым ескерткішін орнатуды ұсынды.

«Адамзаттың ұрпағын өсірген кім, ол – ана. Біздің бәрімізді жақсылыққа жеткізген кім, ол – ана. Жалпы, әлемді ұстап тұрған да – ананың алақаны, ананың мейірімі, ананың ақ сүті. Сондықтан Ана сыйлауды бірінші орынға қойып, Жайықтың, әлде Шағанның жағасында ескерткіш орнатқан жөн деп есептеймін», деді А.Бақтыгереева.

Осыған орай облыс әкімі Н.Төреғалиев мұның өте орынды ұсыныс екендігін, ескерткішті іскер әйелдер және кәсіпкерлердің қолдауымен орнатуға болатындығын айтты.

Ақын бастамасын форумды жүргізген БҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Жансұлу Төремұратова да қолдайтынын білдірді.

Жиында сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко, Астана қаласы саясаткер әйелдер клубының мүшесі, ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты Динар Нөкетаева, Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова және басқалар өз ой-толғамдарымен, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.


Соңғы жаңалықтар