Ақтүтек борандағы бейнежазбасымен танылған полицей: Мен қызметімді адал атқаруға тырыстым

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының Жуалы ауданында 21-22 желтоқсан аралығында қатты боран соғып, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» республикалық жолдың облыс аумағындағы бірқатар бөлігі жабылып, жолда қалған жолаушылар қауіпсіз жерге эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауа-райының қолайсыздығына байланысты «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» республикалық маңызы бар авто жолының Түркістан облысының бағытында және одан әрі қарай Түркістан облысының шекарасындағы Нұрлыкент ауылынан өтетін 534 шақырымында және Тараз қаласы бағытындағы 593 шақырымындағы жолдар жабылған. Онда облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен полиция департаментінің және «Қазавтожол» мекемесінің қызметкерлері шұғыл құтқару, тазалау жұмыстарын жүргізді.

Ақтүтек боранда жүргізушілерге ескерту жолдаған полицейдің видеосы әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің талқысына түскен еді.

Бейнежазбада полиция департаменті қызметкерінің ауа-райының қолайсыздығына қарамастан қақаған боранда жолаушылар мен жүргізушілерді сақ болуға, аталған аумаққа қарай жолға шықпауға шақырғаны туралы баяндалады. Кейіннен анықталғандай қатты жел, үскірік аяз, боранға қарамастан жұмыс міндетін адал атқарып тұрған бейнежазбадағы азаматтың Жамбыл облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Самат Құсайынов екендігі белгілі болды. Ол бізге оқиға және аталған бейнжазба туралы толыққанды айтып берді.

«Мен аталған бейнежазбаның әлеуметтік желіде тарап, осыншалықты талқыға түседі деп ойлаған жоқпын. Ол бейнені «Қазавтожол» мекемесінің қызметкері түсірді. Ондағы мақсат жүргізушілерді сақ болуға, аталған автожол бөлігіне қарай жолға шықпауды ескерту еді. Өйткені, сол аумақтан 20-25 шақырымдай қашықтықта боранның белгісі де жоқ еді. Содан ба бірқатар жүргізушілер жол патрульдік полицейлердің ескертуіне қарамай жолға шығып, қар құрсауында қалып қойып жатты. Шыдай алмай өзім Жуалыдағы Нұрлыкент ауылының маңында жарты сағаттай боранды далада тұрып, 20-30 көлікті кері қайтарып бақтым. Өйткені олар ары қарай жүре берсе, боранның дәл ортасына түсіп, қар құрсауында қалар еді», - дейді С.Құсайынов.

Сондай-ақ, ол екі тәулікке созылған ақ түтек боранда бастан-аяқ жүріп, жолаушылардың қауіпсіздігі жолында барлық шараларды қарастыруға атсалысқанын айтады.

«Облыстық Полиция департаменті басшы құрамының қатысуымен 130-ға жуық полиция қызметкері және 32 қызметтік көлік тәулік бойы жолдарда кезекшілікте болып, қауіптілік деңгейінің жоғары болуына орай жүргізушілерге елді мекендерден шықпауды ескертті. Полиция қызметкерлері жолдарды жауып, қар құрсауында қалған 466 көлік пен адамдарды шығарып, қауіпсіз жерлерге және жылыту пункттеріне жеткізді. Елді мекенде барлығы 6 жылыту пункті ашылып, 505 адам орналастырылды. Оның ішінде – 7 адам Қырғызстан Республикасының азаматы», - деді ол.

Айта кетейік, полиция департаменті мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті және «Қазавтожол» мекемелерінің қызметкерлерінің екі тәулік бойы тынымсыз қызмет көрсетіп, жол жағдайын үздіксіз бақылауының нәтижесінде жолаушылардан ешкім зардап шекпеген.

Бүгінде ауа-райы тұрақтанып және жолдардың тазалануына байланысты Тараз қаласынан Түркістан облысы бағытындағы тас жол ашылған.

Аталған бейнежазба арқылы жұмысына адал болмысымен көпшілікке танылып үлгерген облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Самат Құсайынов осы салада еңбек етіп келе жатқанына отыз жылдан асқан тәжірибелі маман. Ол осы уақыт аралығында талай бұл секілді төтенше жағдайларды бастан кешіргенін, соның бәрінде қызметтік және азаматтық міндетіне адалдық танытуға тырысып келе жатқанын жеткізді.

«Қызметімізде талай оқиғаларға куә болып жатамыз. Мұндай ауа-райының қолайсыздығы салдарынан туындаған күрделі жағдайлар, әсіресе, қыс мезігілінде аталған Жуалыдағы Шақпақ асуында талай жайттарды бастан өткердік. Әдетте ол аумақтағы боран 5-6 сағатқа созылса, бұл жолы екі тәулікке жуық уақыт табиғат күшіне мініп тұрды. Содан да біраз әбігерге түстік. Бірақ, барынша зардап шегудің алдын-алуға тырыстық. Мұндай төтенше жағдайларда қызмет лауазымына қарамай жұмыла жұмыс жасауға тура келеді», - деді С.Құсайынов.

Самат Құсайынов бүгінде үш ұлдың әкесі. Үлкен ұлы әке жолын қуып, құқық қорғау саласында еңбек етіп, шыңдалып келеді.

Соңғы жаңалықтар