Ақтүтек боранда жолды қардан тазарту мүмкін емес - Ұлан Әліпов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін «ҚазАвтоЖол» ҰК« АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов БАҚ өкілдеріне Нұр-Сұлтаннан шығатын қалааралық жолдарды қардан тазалау жұмыстарын көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қосшы, Қорғалжын бағытындағы жолдар ашылды. Енді бүгін кешке дейін Нұр-Сұлтаннан Бурабайға, Қарағандыға дейінгі аралықтағы жолды тазалап бітіреміз деген жоспар бар. Ертең кешке дейін Қостанай, Павлодар бағыттарындағы жолды тазалап, ашамыз. Павлодар бағытындағы жұмыстың ауқымы тым үлкен. Себебі Ерейментауда қалың қар түсіп, боран соққан. Жалпы, ертең Нұр-Сұлтаннан барлық бағыттағы қалааралық жолдарды қардан тазалауды аяқтаймыз. Жол тазалауға Ақмола облысында 105 техника, 300-ге жуық жұмысшы жұмылдырылды. Ал Қазақстан бойынша 780-нен астам техника қар тазалау жұмыстарына шықты», - деді Ұлан Әліпов.

Талапкер мен Қажымұқан ауылдарының аралығындағы жолдың қардан тазаланғанын көрсеткен басқарма төрағасы бұл жердегі қардың қалыңдығы адам бойынан асып жығылғанын айтады.

«Барлық уақытта да боранға дайындалып отырамыз. «Қазгидрометтің» мәліметінше, мұндай боран 1964 жылы болған екен. Бұл ондаған жылда бір мәрте соғатын боран шығар деп ойлаймыз. Бұдан кейін мұндай қатты боран биыл бола қоймас. Жалпы, жаяу бұрқасынға дайынбыз, тазалаймыз. Күн борап тұрғанда жолды тазалап, ашамыз деп уәде бере алмаймыз. Өйткені, боран соғып, ештеңе көрінбей тұрған кезде тазалау жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Боран аяқтала салысымыз бірден жолды тезірек тазалауға тырысамыз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар