Актриса қаза тапқан жол апаты: Gelandewagen жүргізушісі жазасын жеңілдетуді сұрады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық сотының апелляция алқасында 3 адамның өмірін қиған жол апатына себепкер болған Gelandewagen жүргізушісі Ілияс Кардың шағымы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сотталушы судьядан сот үкімін жеңілдетуді сұрады. Оның қорғаушысы «жол апатына мас күйінде түсті» деген айыпты алып тастауын әрі қамаудан босатуын өтінген болатын.

Сонымен қатар, Ілиястың туғандары жол апатынан көз жұмған бойжеткен Динара Хамитованың туғандарына моральдық шығынды өтеуге дайын екенін айтты. Ал, қаза болған қыздың туыстарының айтуынша, Ілиястың туғандары олардан қылмыскерді соттатпайтыны туралы қолхат сұраған.

Апелляциялық сот алқасы алдыңғы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Еске салайық, жол-көлік оқиғасы былтыр 29 желтоқсанда болған еді. Абай және Сейфуллин көшелерінің қиылысында Mersedes Gelаndеwagen мен Mitsubishi Galant көліктері соқтығысқан. Бірінші көлік бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен. Жол апатынан 3 адам - Mitsubishi Galant жүргізушісі мен екі жолаушы көз жұмды. Олардың арасында белгілі актриса Шолпан Елгезек бар. Кейін белгілі болғандай, 34 жастағы Gelаndеwagen жүргізушісі көлігін мас күйінде жүргізген.

Айта кетейік, аталған жол апатынан аман қалған жалғыз жолаушы - актриса Айзада Сатыбалдиева қабырғалары сынып, ауыр халде ауруханаға түскен болатын. Екі аптадан соң актрисаның беті бері қарап, үйіне шығарылды.

Алмалы аудандық сотының судьясы Роман Селицкий 34 жастағы сотталушы Ілияс Карды 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен қатар, ол қаза тапқан әр азаматтың отбасына 3 млн теңгеден өтемақы төлеуге тиіс.

Соңғы жаңалықтар