Ақтоты Райымқұлова UNESCO онлайн-конференциясына қатысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - UNESCO-ның Бас директоры Одрэ Азуле әлем елдерінің Мәдениет министрлерімен онлайн кездесу өткізді. Онлайн кездесуге ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онлайн жиында сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұл салаға көрсетіліп жатқан қолдау, жинақталған тәжірибе жəне ұсыныстармен бөлісті. Сондай-ақ, коронавирус індетінің таралуының алдын алуда қабылданған шаралар жайлы айтты.

Бүгінгі таңда барлық мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар тоқтатылды. Оның ішінде тарихи-мәдени нысандар мен UNESCO-ның дүниежүзілік мұрасының тізіміне кіретін нысандар да жабылған.

Қалыптасқан жағдайға қарамастан, бүкіл әлем үшін күрделі уақытта мәдениет және өнер қайраткерлері қазақ халқы мен шетелдік көрермендерді онлайн режимде өз шығармашылығымен қуантып келеді.

Еліміздегі өнер саласындағы барлық ұйымдар, мұражайлар, кітапханалар және өзге де мәдени-демалыс мекемелері өздерінің аудио-және бейне жазбаларына, виртуалды турларға, жарияланымдарға және т.б. тегін онлайн - қолжетімділік жасады.

Мәдени және спорттық қоғамдық мекемелердің әлеуметтік желілерінде танымал мәдениет қайраткерлерімен онлайн жаттығулар, дәрістер, вебинарлар, концерттер, виртуалды экскурсиялар көрсетіліп, фильмдер мен балаларға арналған ертегілер оқу көрерменге жол тартты.

Әлеуметтік желілерде үнемі әртүрлі челлендждер өткізіліп жатыр. Сонымен қатар бұл күндері спорт және туризм саласында онлайн кездесулер өтіп, пікір алмасулар жүріп жатқанын айта кеткен жөн.

Әсіресе, елімізде Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Карантиндегі жұлдыз» жобасы үлкен танымалдыққа ие болды. Оның аясында танымал әртістер тікелей эфирде өнер көрсетіп, сұхбаттасып, көрермендердің сұрақтарына жауап береді.

Мәдениет мекемелері онлайн-конференциялар өткізіп келеді. Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына және ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған халықаралық форум Қытай, Түркия, Венгрия және Ресей спикерлерінің қатысуымен ұйымдастырылды.

Мәдениет саласының қызметкерлері індетпен күресте әлеуметтік көмек те көрсетіп келеді.

Министрліктің бастамасы бойынша мемлекет қаржыландыратын, театрлар, киностудиялар, мұражайлар, стадиондар тігін цехтары бар барлық мәдениет және спорт ұйымдары медициналық бетперде тігумен айналысады. Бүгінде олар медицина және әлеуметтік қорғау мекемелеріне 40 мыңнан астам медициналық бетперде дайындап, табыс етті.

Айта кетейік, онлайн кездесу жұмысына 136 елдің мәдениет министрі қатысты. Тараптар осынау күрделі кезеңде бүкіл әлемдік тәжірибені қолдана отырып, мәдениет пен өнерді сақтау мен дамытуға бағытталған жұмыстар туралы пікір алмасты. Онлайн кездесудің қорытынды бөлімінде халықаралық тәжірибеге сай, экономиканы қолдау жөніндегі жалпы іс-шараларға қосымша мәдениет секторын қолдауға арналған нақты іс-шаралар қабылданатындығы айтылды. Мәдени бағыттағы жұмыс COVID-19-ды жеңіп шыққанға дейін белсенді түрде жалғасады.


Соңғы жаңалықтар