Ақтоты Райымқұлова оқушыларға электрондық фортепиано сыйға тартты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Білім күні Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова елордадағы №72 мектеп-лицейдің оқушылары мен ұстаздарын мерекемен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мектепке келген министр алдымен робототехника және STEAM-зертханаларын аралап шықты. STEM-бағыты (science, technology, еngineering, math) негізгі академиялық пәндерді қамтиды. Бұл жерде оқушылардың жеті курстан өтуіне мүмкіндігі бар. Одан кейін жас жеткіншектерге сертификаттар беріледі. Робототехника кабинетінде оқушылар Мәдениет және спорт министріне өз роботтарының мүмкіндіктерін көрсетті.


«Осы оқу жылының ең басты жаңалығы – «Педагогтардың мәртебесі туралы» заңның қабылдануы болмақ. 16 тамызда өткен тамыз конференциясында ҚР Президенті төрт жыл ішінде педагогтардың жалақысы екі есеге артатынын мәлімдеді. Біз бұл бағыттағы қадамдар елдегі білім сапасын жақсартуға үлкен үлес қосады деген үміттеміз», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Осыдан кейін министр жаңа оқу жылына қадам басқан оқушыларға сәттілік тіледі.

«Қымбатты оқушылар! Мен сіздерді бірінші оқу күнімен құттықтаймын. Мектеп сіздердің сүйікті орындарыңызға айналуын тілеймін. 11-12 жылдан кейін, яғни мектеп бітірген соң сіздер мектеп жылдарын ерекше сүйіспеншілікпен еске аласыздар. Мен сіздерге үздік болуға және өмірде сүйікті ісіңізді табуларыңызды тілеймін. Өмірде өз жолын тауып, еліміздің дамуына сапалы үлес қоса беріңіздер», - деді ол.

Осыдан кейін ведомство басшысы лицей оқушыларына электронды фортепиано сыйға тартты. ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Мәдениет және спорт министрі министрлердің жаппай мектептерді аралауы ізгі дәстүрге айналарына сенім білдірді.


«Бүгін маған №72 мектеп-лицейге барып, бір жағынан ресми тұлға - мәдениет және спорт министрі ретінде, екінші жағынан ана ретінде көпшілікке тілек білдіру бақыты бұйырды. Балалар 1 қыркүйекте үлкен үмітпен келеді. Біз оларды болашақта олимпиада, конкурс, фестивальдардың жеңімпаздары болады деп күтеміз. Сондықтан, бұл тамаша бастама дәстүрге айналғанын қалаймын», - деді ол.

Айта кетсек, елордадағы №72 мектепте 4 759 бала оқиды. Оның 742-і мектеп табалдырығын бірінші рет аттап отыр. 150 бала биыл 11-сыныпты бітіреді.




Соңғы жаңалықтар