Ақтоты Райымқұлова қанша мектепте спорт залы жоқ екенін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздегі 1 970 мектепте спорт залы жоқ. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірлер ұсынған статистикалық мәліметтерге сәйкес, мектеп оқушыларының ішінде 1 млн 365 мың бала дене шынықтыру және спортпен шұғылданады. Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша 2019 жылы 5 428 мектеп спорт залымен қамтамасыз етілген. Бұл ретте Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында, сондай-ақ Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында мектептерді спорт залдармен қамтамасыз етудің ең жоғары деңгейі байқалады. Іс жүзінде мектептердің 37 пайызы оқу бағдарлармалары аясында қажет спорттық құрал-жабдықтарға деген тапшылықты сезінуде», - деді А. Райымқұлова Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.

Оның сөзіне қарағанда, 1 970 мектепте спорт залы жоқ. Сонымен қатар, ауылдағы спорт сауықтыру кешендерінің желісі ауыл тұрғындарының тек 30 пайызын ғана қанағаттандырады.

«Бұл жағдай спорт секцияларының жұмысы мен жастардың спорт клубтарын құруды бұлай тұрсын, дене шынықтыру пәні бойынша міндетті сабақтарды толық өткізуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан да бүгінгі таңда мектен тыс спорттық іс-шараларды кеңету, қосымша білім беру мұғалімдерін тарту, мектептің спорт күнтізбесін қалыптастыру бойынша әлі де жұмыстар жүргізу қажет екенін атап өткім келеді», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2019 жылдың қорытындысы бойынша елімізде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатындар саны 5,7 млн адамға жеткен. Бұл жалпы халықтың 30,6 пайызы.


Соңғы жаңалықтар