Ақтоты Райымқұлова Дүниежүзілік туризм ұйымының бас хатшысымен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Дүниежүзілік туризм ұйымының (UNWTO) Бас хатшысы Зураб Пололикашвилимен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған министрлік мәліметінше, инвестициялық жобаларды іске асыруда қолдау көрсету, кәсіби гидтерді даярлау, UNWTO бағдарламасы аясындағы Ұлы Жібек жолы бойынша әріптестік байланысты нығайту – аталған мәселенің барлығы UNWTO Бас хатшысының былтырғы наурызда елордаға сапары кезінде талқыланған.

Осыған орай кездесу барысында министр содан бері еліміздің туризм саласында оң өзгеріс болғанын атап өткен. Биылғы жылдың мамыр айында туризм саласын дамыту бойынша 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама алғашқы жемістерін бере бастады: ел үкіметі визалық көші-қон режимін либерализациялау бойынша ауқымды жұмыс атқарып, нәтижесінде биылдан бастап 12 елдің азаматтары Қазақстанда 30 күнге дейін визасыз жүре алады. Еліміздегі 9 қаланың әуежайларында «Ашық аспан» режимі іске асатын болды, «Tax free» жүйесі бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылады. Қазақстан бұдан әрі де іскерлік туризмді ілгерілетуді көздеп отыр: еліміз халықаралық ITB-Eurasia туристік көрмесін тұрақты түрде ұйымдастырып, оны ТМД елдері арасында ең ірі шараға айналдыру жоспарда бар.

«Қазіргі заман жиһанкезіне Қазақстанның ұсынатыны көп. Еліміздің тұмса табиғаты, халқымыздың салт-дәстүрі мен бай мәдени мұрасы кез келген туристің қызығушылығын тудыратыны анық. Осыны негізге ала отыра, эко-, этно-туризм және оқиғалық туризмді дамыту қолға алынған. Cебебі қазір бұл туристік нарықтағы жоғары сұранысқа ие сегменттер саналады», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Өз кезегінде, UNWTO бас хатшысы Зураб Пололикашвили Қазақстанның астанасы әлдеқашан халықаралық іскерлік дестинацияға айналғанын атап өтті. UNWTO-ның XVIII Ғаламдық Саммитінің Нұр-Сұлтан қаласында өтуі осының айқын дәлелі.

«Туризмнің бірнеше бағытын қатар дамытуда Қазақстанның алған бағыт-бағдары дұрыс. Туристік саланы дамыту мақсатында ұлттық компанияның құрылуы, шетелдік туристерді көптеп тарту және ішкі туризмді ынталандыру үшін мемлекеттік бағдарламаның қабылдануы, сондай-ақ UNWTO-мен тығыз байланыс орнатуға ұмтылуы - осының барлығы мемлекеттің туристік әлеуетін кеңінен танытуға әзір екенін айғақтайды», - деді Зураб Пололикашвили.

Қазақстан мен алқалы ұйым арасындағы әріптестік байланыстың маңыздылығын ескерген Ақтоты Райымқұлова UNWTO қолдау білдірсе, Ұлы Жібек жолы мемлекеттерінің туризм министрлерін елімізде қабылдауға әзір екендігін білдірді. Сонымен қатар, UNWTO-ның туризм саласының мамандарын даярлау бойынша академиялық бағдарламасы қазақстандық тараптың зор қызығушылығын тудырғаны жайлы айтылды. Себебі, биыл Қазақстанда Халықаралық туризм және қонақжайлық университеті ашылған болатын. Сондай-ақ, басқосу барысында министрліктің UNWTO-мен арадағы бірлескен жұмыс жасау болашағы талқыланды. Оның ішінде, халықаралық ұйым құрамындағы қазақстандық өкілдіктің ашылуы және 2022 жылы UNWTO Бас ассамблеясының XXV сессиясын Қазақстанда өткізу мәселесі қарастырылды.

Соңғы жаңалықтар