Ақтоты Райымқұлова даңқты балуан Қажымұқанның 150 жылдығының ашылу рәсіміне қатысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қатысуымен Қ.Мұңайтпасұлы атындағы олимпиада резервінің мамандандырылған республикалық мектеп-интернат-колледжінде даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығының ашылу рәсімі өтті.

Жиында сөз алған Ақтоты Райымқұлова аты аңызға айналған тұлғаның мерейтойын министрлік республикалық деңгейде атап өтуге дайындалып жатқандығын, арнайы іс-шаралар жоспары дайындалғанын айтты.

«Қажымұқан атамыз - бар ғұмырын күрес өнеріне арнап, көзі тірісінде аңызға айналған азамат. Кей деректерге сенсек, балуан бабамыз күрестің бірнеше түрінен 54 мемлекетте күресіп, 48 медаль олжалаған. Сонымен қатар Қажымұқан Мұңайтпасұлы ел есінде бозкілем төріндегі балуандығымен қатар, домбыра шертіп, ән салған сегіз қырлы, бір сырлы тұлға ретінде қалған. Батыр бабамыздың 150 жылдығы осы жылы республика аумағында атап өтіледі. Бүгін әлемді алаңдатқан пандемияға байланысты салтанатты ашылу рәсімін кең көлемде атап өту мүмкін болмай отыр. Десек те, бұған қарамастан бабамыздың 150 жылдығы лайықты, жоғары деңгейде мерекеленеді. Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімін ұлықтау, мәңгілік есте қалдыру мақсатында арнайы республикалық іс-шаралар жоспары әзірленді. Бүгіннен бастап республикамыздың барлық өңірінде түрлі іс-шаралар өткізіледі. Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызды бір кісідей атсалысуға шақырамын», - деді министр.



Іс-шара аясында белгілі спортшы Сергей Цырульников, Тимур Сыпатаев секілді елімізге танымал зор күш иелері өнер көрсетті. Өз кезегінде Сергей Цырульников өткен ғасыр палуандарының мұрасын жаңғырту маңыздылығына тоқталды.

«Мерейтойдың мақсаты – өскелең ұрпақтың бойына ата-бабаларымыз аманаттап кеткен қасиеттерді сіңіру. Өткен ата-бабамыздың мұрасын жаңғыртып, соның негізінде жастарды тәрбиелеуге болады. Сонымен қатар, елімізде бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортына аса мән беру маңызды. Сол жерден болашақ чемпиондар шығады. Министрліктің қолдауымен мен де осы бағытты дамытуды жоспарлап отырмын», - деді Сергей Цырульников.

Іс-шара кезінде барлық санитария-эпидемиология талабы қатаң сақталды.


Соңғы жаңалықтар