Ақтоты Райымқұлова: Әли Тұрғанбеков – қазақстандықтардың әлемдегі елшісі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өмірге төзімділіктің, өмірге деген махабаттың символына айналған Ник Вуйчич секілді Әли де Қазақстанның елшісі бола алады. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Әли Тұрғанбеков жайлы осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүкіл Қазақстан шыдамдылық пен өмірге деген сүйіспеншіліктің үлгісін көрсетіп отырған Әлиге зор мақтанышпен қарайды. Біз Әли секілді балаларды, мүмкіндігі шектеулі жандарды, көпбалалы отбасыларды қолдайтын азаматтарға зор құрметпен қараймыз. Қарапайым азамат әрі жауапты органның басшысы ретінде көмекке мұқтаж адамдарды қолдауға барынша тырысамыз. Өздеріңіз білетіндей, халықаралық сайыстардан орын алған жас өрендеріміз жетерлік. Біз оларды бала кезден қолдасақ дейміз. Сондай болашағынан үмітті балалар біздің кәсіби мектептерде оқуы үшін жұмыс жүргізудеміз», - деді Ақтоты Райымқұлова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министр өз сөзінде Әлимен әлі кездеспегенін мойындады. Айтуынша, әлемге аты шыққан футбол жұлдыздарымен достасқан баламен кездесу жоспарында бар.

«Оның Ыстанбұлда болып, жеңімпаз Ливерпуль командасымен алаңға шыққанын білемін. Біз Әлимен міндетті түрде кездесеміз. Өмірге төзімділіктің, өмірге деген махабаттың символына айналған Вуйчич секілді Әли де Қазақстанның елшісі бола алады. Ол қазірдің өзінде біздің қазақстандықтардың бүкіл әлемдегі елшісі. Өз тарапымыздан оны ары қарай да қолдайтын боламыз», - деді министр өз сөзінде.

Ақтоты Райымқұлова параолимпиадалық спорт түрлеріне ерекше маңыз беріліп келе жатқанын да айтып өтті.

Еске сала кетсек, қазақстандық «Ник Вуйчич» атанған Әли Тұрғанбеков өз қолымен ағылшынның Ливерпуль ойыншыларына УЕФА Суперкубогын табыстаған болатын.

Жігерлі жас баланың төзімділігі мен өрлігіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ықыласын білдіріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар