Ақтоты Райымқұлова Ақтөбедегі шаңғы роллерінің ашылуына қатысты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова келді. Іссапар кезінде бірнеше спорт кешені және мәдениет нысанының жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр Ақтөбе қаласында бой көтерген шаңғы роллерлі базасының ресми ашылуына қатысып, ғимараттың жұмысымен танысады. Спорт кешені «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынды. Жоба құны – 840 миллион теңге. Мұнда шаңғы спорты, қысқы президенттік көпсайыс және т.б. спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік бар. Барлығы 40 адам жұмыспен қамтылды.

«Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға тапсырма берді. Ақтөбедегі шаңғы роллері базасын үлгі етіп айтуға болады. Мұндай спорт кешені кез келген аймақта жоқ. Жылдың қай мезгілі болса да қысқы спортпен шұғылдануға бар мүмкіндік жасалған. Өңірдің әлеуеті жоғары. Мәселен, Риддердегі спорт мектебінде Ақтөбеден шыққан жеткіншектер көп екен. Бұл өңірдегі жүйелі жұмыстың көрсеткіші», - деді министр Ақтоты Райымқұлова.


Өңірде бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.

«Індет кезінде әлеуметтік құрылыс тоқтаған жоқ. Соның ішінде ел болашағы балаларға арналған спорт кешені салынып, қолданысқа беріліп жатыр. Енді қысы-жазы спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін шаңғы роллері Ақтөбеде де бар», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Министр мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығы және «Ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық мамандандырылған» БЖСМ-нің жұмысымен танысты. Мұнда иппотерапия әдісі кең қолданылады. Сонымен бірге министр өңірдегі Жекпе-жек сарайына да барды. Мұнда бокс, күрес, дзюдо және өзге де жарыстарды өткізуге мүмкіндік бар. Жаттығу залы, күрес және бокс, аэробика залы заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған. Таэквондо және үстел теннисі бөлімінің спортшылары да осында жаттығу жасайды.

«Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт кешендері, клубтары ашылып жатыр. Мемлекет бұқаралық спортты дамытуға басымдық береді. Спорт -денсаулық, жақсы көңіл күй және болашағымыз», - деді Ақтоты Райымқұлова.


Соңғы жаңалықтар