Ақтоты Райымқұлова ақпарат саласы қызметкерлерін марапаттады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ақпарат саласы қызметкерлерін марапаттап, құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіздерді төл мерекелеріңіз - ақпарат саласы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер жауапты, тынымсыз да қарбалас салада қызмет етіп келесіздер. Лайым қоғамдық ойдың қозғаушы күшіне айналып, тəулік бойы ақпарат таратып жүрсіздер. Қазір еліміз біраз қиыншылықты бастан өткеріп отыр. Күллі əлемді әлекке салған карантин қалыпты өмірімізге өзгеріс енгізіп, біраз жоспарларымызды кейінге қалдырды. Өкінішке қарай, Сіздермен жоспарланған дәстүрлі кездесуіміз биыл өтпейтін болды. Бірақ бұл сіздермен байланыста болып, жұмысымыз жайлы ақпарат бөлісуге, сұрақтарыңызға жауап беруге еш кедергі бола алмайды», - деді министр.

Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова атқарылып жатқан іс-шаралар туралы да айтып, министрлік журналистермен тығыз жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

«Биылдың өзінде мəдениет, спорт, туризм, тіл саясаты саласында бірқатар кешенді шаралар атқарылды. Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында 2020 жылдың 1 қаңтарынан мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50, өңірлерде 35 пайызға дейін өсті. Жалпы, мұндай өсім шамамен 34 мың адамды қамтыды. Осы жылдың басынан бастап қызметін тоқтатқан және кәсіби еңбек өтілі кемінде 20 жыл болатын балет әртістеріне ай сайын соңғы 3 жылдық орташа жалақысының 60%-ға дейінгі мөлшерінде төлемдер берілетін болды. Спорт саласындағы жаттықтырушы-оқытушы, мұғалімдердің, 4 мектеп-интернат-колледж бен спорт колледжі тәрбиешілерінің, балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жаттықтырушы-оқытушыларының жалақысы көтеріледі. Биыл əлемдік деңгейдегі ойшыл Абай Құнанбайұлының 175, ғұлама ғалым Əбу Насыр əл-Фараби бабамыздың 1150, Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқанымыз белгілі. Бұл ретте Сіздердің ақпараттық қолдауларыңыз арқылы бізге деген ел сенімі арта түспек. БАҚ өкілдері қоғам мен билік арасындағы алтын көпір бола алады деген үміттеміз. Біздің әріптестігіміз алдағы уақытта да жемісті болып, ел игілігі жолында қызмет ете береміз деп сенемін», - деді А.Райымқұлова.

Айта кетейік, Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Құрмет» грамотасымен - 12, «Мәдениет саласының үздігі» медалімен - 13, Алғыс хатпен - 30 журналисті марапаттады.

Қазіргі əлемдік коронавирус пандемиясына жəне карантин шектеулеріне байланысты министр барша журналистерді видеоүндеу арқылы құттықтады.


Соңғы жаңалықтар