Ақтөбенің тұрақтандыру қорына жеткізілген картоптың шірігі көп болып шықты

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының тұрақтандыру қорына Павлодардан жеткізілген картоптың бір бөлігі шіріп кеткен. Мұны қор қоймасына жасалған пресс-тур барысында журналистер тобы байқап қалды. Жауаптылар мәселенің мән-жайын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2018-2022 жылдар аралығында тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңызы бар тауарларды сақтау үшін бюджеттен 2,2 млрд теңге ақша бөлінді. Бұл жұмысты тұрақтандыру қорының операторы – «Ақтөбе» ӘКК атқарады. Биыл 2 309 тонна картоп, 269 тонна пияз, 260 тонна сәбіз және 46 тонна қырыққабат сатып алынады. Көкөніске 388 млн теңге жұмсалады.

«Қоймадағы картоптың келісімшарты 2021 жылы жасалған. Ол жерде баға 62 теңгеден 162 теңгеге дейінгі айырмашылықта. Бұл – сатып алу бағасы. Ал нарыққа шығару үшін біз талдап, талқылаймыз. Статистикаға сүйенеміз. Статистика мәліметі аптасына бір рет шығады. Содан 10-15 пайыз төмен сатамыз, яғни тауар қымбаттап кетсе, ертең-ақ сатуға қоямыз. «Табыс» коммуналдық базарында орта есеппен картоптың келісі 100-135 теңгеден бар. Қазір интервенция жасайтын болсақ, өзіміздің картоп өтпей қалуы мүмкін. Сондықтан, биыл әкелініп жатқан картоп әлеуметтік дүкенге де шыққан жоқ», - деді серіктестік басшысы Ерлан Блиев.

Пресс-тур барысында қаптарды ашып көрген журналистер картоптың шіріп кеткенін байқады. Мәлім етілгеніндей, Ақтөбемен келісімшарт жасаған павлодарлық серіктестіктің картобы әлі тексерілмеген. Қоймаға жеткізілгенімен, қоғамдық бақылаудан өтпепті. Егер қордағы өнімнің 10 пайыздан астамы бүлінген болса, тиісті шаралар қабылданады.

«Бүлінген картопты қоғамдық кеңес мүшелерімен, ауыл шаруашылығы басқармасы, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бірге қараймыз. Сапасы төмен болса, қаптың ішіндегі шіріген картоп 10 пайыздан асса өнімді қайта алмастырады немесе ақшасын қайтарады. Ол жақтан 55 тонна картоп әкелінді. Жағдайы орташа. Павлодарлық компаниямен арадағы келісімшарт былтыр жасалған. Олар мың тоннасын тасымалдауы тиіс. Бір бөлігі жеткізілді. Әлі кебуі керек, сосын қайта іріктеуден өтеді. Жеткізу, тиеу, түсіру бәрін сол өндіруші компания міндетіне алады. Шіріп кетсе, қайтарамыз», - деді Ерлан Блиев.

Облыстық тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңызы бар тауар алу үшін биыл 1 млрд 153 млн теңге бөлінді. Тізімде 7 224 тоннасы бірінші сұрыпты бидай ұны, 434 тоннасы қант, 40 тонна қарақұмық, 40 тонна күріш, 100 мың литр күнбағыс майы бар. Тұрақтандыру қорына сақталған тауар «Табыс» коммуналдық базары және шағын коммуналдық базарларда сатылады.

Еске салсақ, былтыр Ақтөбедегі тұрақтандыру қорында сақталған картоп шіріп кетіп, көпшіліктің наразылығын тудырған еді.


Соңғы жаңалықтар