Ақтөбенің су тасқыны болған Қобда ауылында жаңа үйлер салынады

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбенің Қобда ауылына 24 үй салынады. Әзірге 75 отбасына 500 мың теңге көлемінде қаржы берілді. Бұл – бюджеттен тыс берілген материалдық көмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы Қобда ауданының орталығында қазіргі кезде 79 үйге, 22 аулаға су кіргені белгілі болды. Алғашында жергілікті әкімдік тек 51 үй туралы айтқан еді. Залалды бағалау жөніндегі комиссияның алдын ала мәліметтеріне сәйкес, 3 үй қалпына келтірілмейді, 4 үйдің қабырғалары құлаған. Олар апатты деп танылды. Әлі күнге дейін 17 үй суда тұр.

«Өңір басшылығы үш отбасыға бюджеттен тыс қаражат есебінен тұрғын үй сатып алуды жоспарлағанымен, елді мекенде бос тұрғын үй болмай шықты. Соған байланысты үй салу жөнінде шешім қабылданды. Барлығы 24 үй салынады. Қазіргі уақытта елді мекенде су тасқыны деңгейінің төмендеуі байқалады. Жасанды су жинау, құм төсеу және су айдау жұмыстары жалғасып жатыр. Комиссия жұмысы аяқталғанға дейін зардап шеккендерді қолдау мақсатында 75 отбасыға бюджеттен тыс қаражат есебінен 500 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек аударылады. Комиссия барлық ғимарат пен құрылысты зерттегеннен кейін зардап шеккендер залал сомасын толық көлемде алады», - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, мұнда 38 мамандандырылған техника, 277 адам жұмылдырылды. Ауданда 15 наурызда жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Сонымен бірге, үш ауылда жарық сөнді.

Соңғы жаңалықтар