Ақтөбенің шалғай ауылдарында мектептер мен әлеуметтік нысандар ашылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің Шалқар ауданында бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин алдымен Тоғыз ауылдық округтегі 120 орынға арналған №7 жалпы орта мектептің ашылу шарасына қатысты. Құрылыс жұмыстары 2018 жылдың мамыр айында басталған болатын. Облыс әкімі мектеп ішін аралап көрді.

«Сонымен қатар Шалқар қаласындағы М.Шыманұлы ауылында 60 орындық Сарықамыс негізгі орта мектебі ел игілігіне берілді. Құрылысы 2017 жылы басталған білім ошағы жаңа оқу жылына сақадай сай. Заман талабына сай салынған мектепте спорт залы, асхана, кітапхана бар», -деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы екі мектептің ашылуына орай, қажетті құралдар алуға қаржылай сыйлық табыс етті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әрбір тапсырмасында білім саласына ерекше көңіл бөлуде. Жастардың білім алу мүмкіндігін әлемдік озық деңгейге теңестіру үшін бар мүмкіндікті жасаймыз», - деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Айшуақ ауылдық округі Бегімбет ауылында мәдениет үйі қолданысқа берілді. 120 орынға арналған нысанның құрылысы өткен жылы басталған болатын. Мәдени ошақ жергілікті тұрғындардың ұлттық өнермен сусындауына, талантты жастардың талабын шыңдауға мүмкіндік бермек.

«Халқымыздың қайталанбас озық мәдениетін заманауи үлгіде қайта түлету үшін біз мәдениетімізді, мәдениет ошақтарын дамыту жұмыстарын қолға алуымыз керек. Болашақта әлемді аузына қаратар нағыз хас таланттар осындай орталардан шығарына сенімім мол», - деді өңір басшысы.

Облыс әкімі «Нұралы» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Шаруа қожалық қазірде 460 ірі қара, 820 қой бағып отыр. Биыл мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы аясында 60 млн теңге несие алып, Ресейден 105 бас абердин-ангус тұқымды аналық бас алып келген. Сондай-ақ, мұнда 5000 басқа дейінгі мал бордақылауға арналған кешен салынып жатыр. Инвестиция көлемі – 300 млн теңгені құрайтын кешеннің құрылысы биыл аяқталады. Өткен жылы мал сою және ет өңдеу цехы іске қосылған. Инвестиция көлемі – 147 млн теңге болатын кәсіпорын жылына 1000 тонна сиыр етін, 400 тонна қой етін өндіреді.

Жұмыс сапары соңында аймақ басшысы Оңдасын Оразалин аудан әкімі Бауыржан Қаниевке ауданның әлеуметтік- экономикалық жағдайын көтеруді, қосымша жұмыс көздерін ашып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, инвестиция тартуды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар